Қазақстандық оқушылар Азия физика олимпиадасында сегіз медаль жеңіп алды

Қатысушылардың бірі арнайы сыйлыққа ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі баспасөз орталығының мәліметінше, 4–12 мамыр аралығында Сауд Арабиясының Дахран қаласында өткен 25-ші Азия физика олимпиадасында (APhO-2025) Қазақстан құрамасы ерекше нәтижеге қол жеткізді. Беделді халықаралық жарысқа 30 елден 240-қа жуық мектеп оқушысы қатысты.
– Қазақстан атынан қатысқан сегіз оқушының барлығы жүлдегер атанып, төрт күміс және төрт қола медаль еншіледі. Астана қаласындағы NurOrda мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова олимпиадада үздік нәтиже көрсеткен қыз бала ретінде арнайы «Best Female» сыйлығына ие болды, – делінген хабарламада.
Күміс медаль жеңіп алғандар қатарында Астана қаласындағы ФМБ НЗМ оқушысы Әмірбек Азатбеков, NurOrda мектеп-лицейінен Нұргүл Егенбергенова, сондай-ақ Spectrum International School-дан Әмір Пішенбаев пен Артур Ким бар.
Қола медаль иеленгендер – Алматыдағы Miras International School оқушысы Роман Черемнов, Астанадағы Республикалық физика-математика мектебінен Ілияс Қазымбек, NurOrda мектеп-лицейінен Даниэль Төлеубаев және Алматы қаласындағы НЗМ оқушысы Бекасыл Елубай.
Команданы жарысқа Нұрдәулет Қаласов пен Андрей Сидоренко бастап барды.
Азия физика олимпиадасы – теориялық және эксперименттік тапсырмаларды біріктіретін жоғары деңгейлі халықаралық жарыс. 2024 жылы Қазақстан бір күміс, бес қола медаль және бір мадақтама алған болатын. 2025 жылғы нәтиже еліміздің физика саласындағы білім деңгейінің өскенін айқын көрсетеді.