Қазақстандық спортшы Азия чемпионатында нысана көздеуден алтын жүлде алды

Нысана көздеуден Қазақстан құрамасының өкілі Ислам Сәтпаев Шымкентте өтіп жатқан Азия чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Kazinform ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Ислам Сәтпаев 10 метрге пневматикалық винтовкадан ату бағдарламасында алтын медаль иегері атанды. Финалдық тартыста ол 250,1 ұпай жинады.
Ал екінші орынды 249,8 ұпаймен қытайлық Лу Динкэ иеленді.
Оңтүстіккореялық Пак Хаджун 228,7 ұпай жинап, қола медальға ие болды.
Ислам Сәтпаев 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған.