Қазақстандықтар «Оқитын ұлт» марафонына жоғары қызығушылық танытты

Қазақстандықтар «Оқитын ұлт» марафонына жоғары қызығушылық танытты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тіркеудің алғашқы бес күнінде «Оқитын ұлт» марафонына 100 мыңнан астам адам қосылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Марафонның ресми платформасында қатысушыларды тіркеу 2 қыркүйекте басталды. Алғашқы күндердегі жоғары көрсеткіш азаматтардың кітап оқу мәдениетін дамытуға және түрлі әлеуметтік әрі жас топтарын кітап құндылығы төңірегіне біріктіруге бағытталған бастамаға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.

Тіркелген қатысушылардың ең көп саны Ақтөбе облысына тиесілі – шамамен 44 мың адам. Одан кейін Жетісу облысы – шамамен 16 мың және Батыс Қазақстан облысы – шамамен 10 мың қатысушымен тұр.

Осылайша, тіркеудің алғашқы бес күнінде белгіленген мақсатты көрсеткіштің 10 пайыздан астамы орындалды.

Марафон әртүрлі буын, мамандық және қауымдастық өкілдерін біріктіретін жеті бағыт бойынша өтуде:

  • «Оқитын мектеп» – 51 148 қатысушы;
  • «Оқитын педагог» – 23 435 қатысушы;
  • «Оқитын әулет» – 1 716 қатысушы;
  • «Оқитын колледж» – 11 061 қатысушы;
  • «Оқитын университет» – 4 692 қатысушы;
  • «Оқитын мемлекеттік қызметші» – 3 181 қатысушы;
  • «Оқитын зиялы» – 8 332 қатысушы.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошевтің айтуынша, алғашқы нәтижелер бастамаға деген қоғамдық қызығушылықтың жоғары екенін көрсетіп отыр.

– Марафонның алғашқы күндерден-ақ осыншама көп қатысушыны біріктіргені біз үшін аса маңызды. Бұл санның артында оқушылар мен педагогтер, отбасылар мен студенттер, мемлекеттік қызметшілер мен белсенді оқырмандар, түрлі кәсіби салалардың өкілдері тұр. Бұл кітап оқуға деген қызығушылықтың әртүрлі буын мен өңірдегі адамдарды біріктіретінін көрсетеді. Облыстар тарапынан белсенділік байқалып отыр. Тіркеу аяқталғанға дейін марафонға қатысушылар саны бұдан да арта түседі деп сенеміз, – дейді Аян Сакошев.

Қатысушыларды тіркеу 15 қыркүйекке дейін жалғасады.

Марафонның мақсаты – кітап оқуға білім алудың, зияткерлік дамудың және заманауи мәдени ортаны қалыптастырудың маңызды бөлігі ретінде назар аударту. Ұйымдастырушылар оқушыларды, педагогтерді, студенттерді, отбасыларды, мемлекеттік қызметшілерді және кітап оқу құндылығын қолдайтын барша азаматты тіркеу аяқталғанға дейін марафонға қосылуға шақырады.