Қазақстандықтар жалған ақпарат пен арандатушылық үшін жауапқа тартылуы мүмкін
Конституция жобасына қатысты жалған мәлімет таратқандар қазірдің өзінде жауапкершілікке тартыла бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде арандатушылық сипаттағы хабарламалардың көбейгенін мәлімдеді. Әсіресе, жаңа Конституция жобасына қатысты фактілерді әдейі бұрмалау жағдайлары жиілеп кеткен. Мұндай әрекеттер азаматтарды жаңылыстырып, қоғамдық тұрақтылыққа нұқсан келтіреді.
Мәселен, Алматы тұрғыны «жер шетелдіктерге сатылатын болады» деген жалған ақпарат таратса, Семей қаласының тұрғыны мемлекеттің унитарлығы мен аумақтық тұтастығына күмән келтіретін жазбалар жариялаған. ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, бұл мәліметтер шындыққа жанаспайды және аталған азаматтар заң бойынша жауапқа тартылды. Іс жүзінде Конституция жобасында аталған қағидаттар керісінше нығайтылып отыр.
Министрлік Конституция жобасын талқылау немесе жеке пікір білдіру заң бұзушылық емес екенін түсіндірді. Жауапкершілік тек көрінеу жалған ақпарат тарату мен фактілерді әдейі бұрмалау үшін ғана жүктеледі. Қазіргі уақытта қоғамдық ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған өзге де фактілер анықталып жатыр.
Ішкі істер министрлігі жағдайды толық бақылауда ұстап отырғанын және кез келген арандатушылыққа қатаң тосқауыл қойылатынын ескертті. Азаматтарды тек ресми мәліметтерге сеніп, ақпаратты тексеруге шақырды.