125 жылдық рухани сабақ: Иса Байзақовтың мұрасы ұрпаққа қалай жеткізіліп жатыр?

125 жылдық рухани сабақ: Иса Байзақовтың мұрасы ұрпаққа қалай жеткізіліп жатыр?
Ольга Бугаеваның иллюстрациялық суреті

Ертіс ауданында ақын, композитор, қоғам қайраткері Иса Байзақовтың есімі ерекше құрметпен сақталып келеді. Бұл арқылы оның өмір жолы мен шығармашылығы туралы мағлұматтарды білетіндер қатары артып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақтың әйгілі ақыны, әнші-композиторы Иса Байзақовтың туғанына биыл 125 жыл толды. Ол дүниеге келген және өскен Павлодар облысы үшін бұл – маңызды тарихи кезең. Биыл өңірде ұлы жерлесінің мерейтойы аясында ауқымды шаралар ұйымдастырылып жатыр. Алайда, ақын есімі тек мереке күндері ғана емес, күнделікті де ұлықталады – ол туралы мектеп сабақтарында, экскурсияларда, концерттер мен шығармашылық кештерде сөз қозғалады.

Осындай игі істердің бірі – ақынның туған ауылы Үлгілідегі мектепте ашылған бұрыш. Оны 90 жылдық мерейтой қарсаңында ақынның жиені – Күләш Әбиева ашқан.

Күләш Әбиеваның айтуынша, оның әкесі Әби Қуантаев пен Иса Байзақов – немере ағайындар, балалық шақтарын бірге өткізген, екеуі де аудан өміріне белсене араласқан. Оның айтуынша, Иса Байзақов – ақын-импровизатор ғана емес, актер, композитор, әнші әрі домбыраның хас шебері болған. Ол денсаулығы мықты, атқа міну мен аңшылықты жақсы көретін жан еді.

– 1940 жылы әкем Алматыға барып, ағасының үйіне тоқтаған екен. Таңертең тұрса, бөлме толы жазылған қағаз. Сөйтсе, түнде Исаны шабыт кернеп, «Ақбөпе» поэмасын жазып тастапты. Бұл шығарма 1941 жылы жарық көрді. Әкем осы оқиғаның куәсі болғанын әрдайым мақтанышпен айтып отыратын, – дейді Күләш Әбиева.

1990 жылы ол Үлгілі мектебінде Иса Байзақов атындағы шағын музей ашуды ұсынды. Материалдарды 20 жыл бойы жинаған. Күләш ханымның айтуынша, музейді бүкіл ауыл болып ашқан: мұғалімдер де, туыстар да атсалысқан. 2019 жылы мұражай күрделі жөндеуден өтіп, жаңа форматта қайта ашылды. Қазір экспозиция 11 бөлімнен тұрады, оны үш рет жаңартқан.

– Музей мазмұнын балаларға ыңғайлы болу үшін бірнеше бөлімге бөлдік. Алғашқы блоктарда ақынның өмірі мен тегі туралы айтсақ, кейін шығармашылық қырларына – жазушылық, поэзия, ән, театрға деген сүйіспеншілігіне тоқталамыз, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектептегі музей жетекшісі Найля Нұркенова.

Кейбір экспонаттар кездейсоқ табылған. Мысалы, 1942 жылы сыйға тартылған Иса Байзақовтың домбырасы жоғалған деп есептелген. Бірақ арада жылдар өткенде Күләш Әбиева оны тауып, Бұқар жырау атындағы облыстық музейге тапсырған. Сол жерде аспап қалпына келтіріліп, көшірмесі жасалып, 125 жылдық мерейтойға орай Үлгілі музейіне сыйға тартылды.

2011 жылдан бастап мектепте аудандық оқу байқаулары өтіп келеді. Ал 2017 жылдан бері оқушыларға арнап Иса Байзақов шығармашылығын тереңдетіп оқытатын қосымша сабақтар енгізілген. Дегенмен Күләш Әбиева музейдің болашағына алаңдайды.

– Егер мектеп жабылса, музей де жабылады. Бұл – ерекше әрі киелі орын. Аудан тарапынан қолдау болып, мұраны сақтап қалуға көмектессе деген тілегім бар, – дейді ақынның туысы.

Жылдар бойы бұл музейді Қазақстанның танымал мәдениет қайраткерлері – Ермек Серкебаев пен Бибігүл Төлегенова сияқты тұлғалар да тамашалаған. Бүгінде экспозиция зерттеушілер, оқушылар, ата-аналар мен ақын мұрасын қадірлейтін жандар үшін тартымды орынға айналды. Иса Байзақовтың есімі  осындай жандардың арқасында ұмытылмай, ұрпаққа жетіп келеді.

Айта кетейік, Иса Байзақовтың 125 жылдығына орай Ертіс ауданында этноауыл ашылып, онда мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мерекенің алғашқы күнінде республикалық айтыстың іріктеу кезеңі өтті, ұлттық ойындар ойналып, екінші күні ақын ескерткішіне гүл қойылып, кітаптардың тұсауы кесілді. Этноауылда күні бойы көрмелер, ұлттық спорт жарыстары мен концерттер жалғасуда.