ҚХА-ның XXXIV сессиясы: Павлодарлықтар алған әсерлерімен бөлісті

ҚХА-ның XXXIV сессиясы: Павлодарлықтар алған әсерлерімен бөлісті
Фото: Константин Шелков

Павлодар облысы делегациясының өкілдері «Парасат» және «Шапағат» ордендерімен марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагері, облыстық аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Максилова бірлік пен достықтың шаңырағы – Ассамблея екенін атап өтті. Павлодар облысының Ассамблеясында 24 этномәдени орталық бар. 

– Біздің басты міндетіміз – осы 24 орталықтың ішінде бірлікті, достықты, жақсы қарым қатынасты нығайту. Қазір аналар кеңесінің мақсаты – «Мәдениетті ана –  мәдениетті ұлт» жобасы бойынша ата- аналармен және шәкірттермен жұмыс жасау. Бұл ретте, қала бойынша арасында мемлекеттік тілде және аралас 44 мектеп және бір колледжбен меморандумға отырдық. Бір айта кетерлігі, үш жақтан яғни ата-ана, оқушы, ұстаз болып салт-дәстүрді көрсетіп, ұстанып жақсы үлгі көрсетуде. Сондай-ақ, этномәдени орталықтар өз дәстүрін көрсететін фестивальдер өткізеді,  – дейді облыстық аналар кеңесінің төрайымы.

Бұл ретте, «Парасат» орденін иеленген Бақытжамал Максилова бұл –жеке өзінің емес,  бүкіл аналардың жемісі екенін атап өтті.  

«Парасат» ордені ғылым мен мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлеріне, елдің рухани және зияткерлік әлеуетін дамытуға және арттыруға үлкен жеке үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлеріне табыс етіледі. 

Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Рамиль Смаилов Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы жастарға ерекше назар аударғанын айтты. 

– Бір үлкен блок жастарға арналды. Мемлекеттік тілді үйренуге, этномәдени құндылықтарды дамытуға бағытталған бағдарламаларды іске асыру – барлық өңірлердің, соның ішінде Павлодар облысының еңбегі. Ассамблея жастары бірлестігі «Бірлік KZ» жастар форумын, «Пою тебе, мой Казахстан!» патриоттық ән фестивалін ұйымдастырды. Бұл фестивальдің басқа өңірлерде баламасы жоқ, бірегей деп айтуға болады. Сондай-ақ, жастар Ассамблеясы коммерциялық емес ұйым екенін атап өткен жөн, – деді Рамиль Смаилов.

Сессияға алғаш қатысқан Марғұлан университеті баспасөз қызметінің басшысы, қоғам белсендісі Бәкіжан Кәкім сессияның қатты ұнаған тұстарының бірі – масштаб екенін алға тартты. Сондай-ақ, ел президенті өз сөздерінде кейбір жақсы идеяларға тоқталғанын  атап өтті.  Солардың бірі – әр Ассемблеяда журналистер мектебін ашу. Бұл ретте, журналистика саласындағы медиа тұлғаларды тартуды ұсынған.  Оған қоса, кейбір аймақтарда әлі күнге дейін «Достық үйлері» жоқ екен.  Сондықтан осындай мекемелерді ашу жалғасын табу керектігіне тоқталған.