Үш күнде Павлодар облысы аумағында бірнеше жол апаты тіркелді

Үш күнде Павлодар облысы аумағында бірнеше жол апаты тіркелді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Зардап шеккендердің арасында балалар да бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

— Өткен демалыс күндері Павлодар облысында жедел жәрдемнің 103 қызметі жол-көлік оқиғаларына байланысты жеті шақыртуға қызмет көрсетті. Оның ішінде үш жағдайда трассалық жедел медициналық жәрдем пункттерінің бригадалары оқиға орнына жіберілді, — делінген хабарламада.

Мәселе, 31 мамыр күні Павлодар – Ертіс автожолында, Мүткенов ауылынан бес шақырым жерде жеңіл автокөлік жол жиегіндегі арыққа аударылып кеткен. Нәтижесінде 63 жастағы әйел бел омыртқасы тұсынан жарақат алған.

Сол күні Қызылжар ауылында жеңіл автокөлік жүргізушісі велосипедпен келе жатқан 5 жасар баланы қағып кеткен. Бала кеуде қуысының, білегінің және тобық буынының соғылу жарақаттарын алып, әкесінің еріп жүруімен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Аталған екі жағдайда да трассалық жедел медициналық жәрдем пункттерінің бригадалары шақырту бойынша жіберіліп, оқиға орнына 9 минут ішінде жеткен.

– Қалааралық автожолдарда орналасқан қосымша 103 пункттерінің жүйесі 10 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді және өзінің тиімділігін талай рет дәлелдеді, – дейді Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Біз облыс аумағындағы барлық қалааралық жолдарды шамамен 50 шақырымдық учаскелерге бөліп, әрбір учаскені жедел жәрдем пунктімен қамтуға күш салдық. Соның нәтижесінде жол-көлік оқиғаларына жету уақыты, тіпті елді мекендерден алыс жерлерде де, 12–13 минуттан аспайды. Автожолдардағы апаттар кезінде адамдардың ауыр жарақат алатынын ескерсек, бұл өте маңызды көрсеткіш.

Қазіргі таңда Павлодар облысының жедел медициналық жәрдем қызметінде Новоямышево, Чернорецк, Розовка, Кемеңгер, Қызылжар, Мүткенов, Шарбақты және Шідерті ауылдарында орналасқан сегіз трассалық пункт жұмыс істейді. Олардың медицина қызметкерлері жол-көлік оқиғаларына ғана емес, жергілікті тұрғындардан түсетін шұғыл шақыртуларға да жедел қызмет көрсетеді.