«Әділет» партиясы Павлодарда еңбек ұжымдарына өндірісті дамыту жоспарын таныстырды
«Әділет» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Павлодар облысына барып, еңбек ұжымдарымен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Осы кездесулер барысында өнеркәсіп, энергетика, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік саладағы негізгі мәселелер талқыланды. Құрылтай сайлауына кандидаттар аймақ халқы мен еңбек ұжымдарына «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасын таныстырып, негізгі басымдықтарды түсіндірді.
Екібастұз қаласындағы «Богатырь-Көмір» ЖШС өндіріс алаңында өткен көмір саласының жұмысшыларымен кездесуде өнеркәсіпті дамыту, өндіріс қуатын жаңғырту, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік кепілдіктер мәселелері сөз болды. Партия өкілдері еңбек қатынастарына цифрлық мониторинг жүргізу арқылы жұмысшылардың құқығын қорғау көзделіп отырғанын айтты.
Мәселен, Құрылтай депутаттығына кандидат Бағдат Мусин Екібастұздағы көмір қорын электр энергиясын өндіруде тиімді пайдаланудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, көмір өнеркәсібі – тек электр қуаты мен жылудың ғана көзі емес, болашақта бүкіл цифрлық болашағымыздың негізіне айналатын сала.
– Осы орайда, Екібастұз қаласында Data Center деректерді өңдеу орталықтары алқабы салынады. Осылайша біз енді жай ғана көмір мен электр қуатын ғана емес, цифрлық сервистер мен жасанды интеллектіні экспорттаймыз, – деді Бағдат Мусин.
Кандидаттар атап өткендей, бұл саланы дамыту Мемлекет басшысының реформалары аясына сай келеді.Өйткені, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың отырысында Екібастұзда деректерді өңдеу орталығы салынатынын мәлімдеген еді.
Энергетика саласының өкілдерімен кездесуде Құрылтай депутаттығына кандидат Рауан Кенжеханұлы партия бағдарламасында алдағы бес жылға арналған нақты мақсаттар белгіленгенін айтты. Соның бірі – 1 миллион жаңа сапалы жұмыс орнын ашу.
Ал Павлодар мұнай-химия зауытындағы кездесуде Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрбек Матжани шикізатты терең өңдеуге басымдық берілетінін атап өтті.
«Қазақстан Алюминийі» АҚ еңбек ұжымымен кездесуде өндірісті жаңғырту, еңбек қауіпсіздігі, кадр даярлау және қызметкерлерді әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды. Партия 2031 жылға қарай өндірістегі жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыру берілген жұмыскерлер үлесін 90 пайызға жеткізуді көздеп отыр.

Кездесулерде әлеуметтік салаға да назар аударылды. Құрылтай депутаттығына кандидат Динара Зәкиева партия бағдарламасында кезекте тұрған балаларды балабақшамен қамту үшін 79 мың жаңа орын және 300 мыңнан астам оқушыға арналған заманауи мектептер салынатынын мәлімдеді.
Республикалық штаб өкілдері Черноярка ауылындағы ауыл шаруашылығы өкілдерімен кездесуде саланы цифрландыру мәселесін талқылады. Құрылтай депутаттығына кандидат Шерзод Пулатов Е-АӨК бағдарламасын іске қосу жоспарланып отырғанын айтты. Сол арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты арқылы ала алатын болады.
Сонымен қатар, Павлодардың Орталық жағалауында жастар және волонтерлермен Open Talk форматындағы кездесу өтті. Партия өкілдері жастардың стартаптары мен волонтерлік бастамаларын гранттық қаржыландыру аясын кеңейту жоспарланып отырғанын жеткізді.
Штабтың Павлодар облысына сапары Ertis Promenade алаңында өткен «ӘДІЛЕТ EVENT» Open Air іс-шарасымен қорытындыланды. Мәдени шараға 75 мыңнан астам адам қатысты.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.
Серіктстік материалы