Decentrathon 5.0: Павлодарлық жастар жаңа мүмкіндік алаңында бас қосты
Қатысушылар нақты компаниялар ұсынған кейстерді шешуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Pavlodar Hub базасында Decentrathon 5.0 республикалық хакатоны басталды. Ауқымды жоба Astana Hub және Blockchain & AI Technology Center қолдауымен ұйымдастырылып, 27 наурыз бен 5 сәуір аралығында Қазақстанның 20 қаласында өтеді. Іс-шара Digital Qazaqstan форумы аясында жүзеге асуда.
Хакатонның негізгі бағыттары – жасанды интеллект пен блокчейн. Шараға қатысуға жобаны әзірлеушілер, студенттер және AI/Web3 саласының мамандары шақырылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл алаң жас мамандарға өз қабілеттерін көрсетуге, тәжірибе жинауға және ірі компаниялармен байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
– Бұл – жас әзірлеушілерге арналған өзіндік олимпиада іспетті алаң. Мұнда олар өз білімін, қабілетін және мүмкіндіктерін көрсете алады. Қатысушылар ірі компаниялар алдында өздерін таныстырып, нақты жобалармен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтайды ,–деді Pavlodar Hub-тың директоры Нұргүл Жұмадиева.

Бағдарлама аясында қатысушыларға нақты өмірден алынған тапсырмалар ұсынылады. Мысалы, блокчейн бағыты бойынша тректерді Solana компаниясы ұсынса, жасанды интеллект бағыты бойынша кейстерді inDrive командасы дайындаған. Бұл сайыскерлерге нарықтағы өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай хакатондар өңірдегі цифрлық экожүйені дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, жастар арасында нетворкингті нығайтып, кәсіби байланыстарды кеңейтеді. Pavlodar Hub өз кезегінде талантты жастарды анықтап, оларды әрі қарай инкубациялық бағдарламалар арқылы қолдауды көздейді.
Аяужан Жетес.