Әлемде тырысқақ өршуі мүмкін: Қазақстан жаңа эпидемияға дайын ба

Әлемде тырысқақ өршуі мүмкін: Қазақстан жаңа эпидемияға дайын ба
Фото ашық дереккөзден

ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жұқпалы ауруларды қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова әлемде тырысқақтың өршу қаупі және еліміздің жаңа эпидемияға дайындығы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, ведомство ауыз судың да, ашық су қоймаларындағы судың да сапасын тұрақты негізде тексереді.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тырысқақтың әлемде таралу қаупін өте жоғары деп атады. Біздің елімізде барлық ауылдардың орталық сумен қамтамасыз етілмейтінін ескерсек, осындай қауіп бар ма?» - деп сұрады журналист Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Жұқпалы ауруларды қадағалау басқармасының басшысы биыл әлемнің бірқатар елдерінде, негізінен Африка елдері мен Сирияда тырысқақпен сырқаттанудың асқынуы байқалғанын растады.

«Бірақ, Қазақстан аумағында соңғы 10 жыл ішінде тырысқақ ауруы тіркелген жоқ. Тырысқақ – адамнан адамға су арқылы тікелей жұғатын ауру. Тұрақты негізде ауыз судың да, ашық су қоймаларындағы судың да сапасына бақылау жүргізіледі. Ашық су айдындарында қоздырғыштардың, оның ішінде тырысқақтың болу-болмауы үнемі зерттеледі. Бүгінгі таңда осы зерттеулердің нәтижелері бойынша біздің елде тырысқақ ауруы тарауы мүмкін деген қауіп жоқ», - деп түсіндірді Роза Қожапова.

Соған қарамастан, бірқатар елдерде тырысқақ ауруы тіркелгенін ескере отырып, мемлекеттік шекарада елге келген азаматтарды бақылау, тексеру жүргізіледі.

«Ол адамдардан ауру табылса, бірден оқшауланады. Медициналық көмекке жүгінген адамдардың ауру тарихы нақтыланады. Егер адамдар шетелден келсе және оларда ұқсас ауру байқалса, эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп, оқшауланады. Алайда, бүгінгі таңда ашық су қоймаларын зерттеу нәтижелері бойынша жағдай тыныш», - деп толықтырды дәрігер.

Бұған дейін дәрігерлер акция бойынша жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді сату мәселесін көтерген еді.