12 қазан палау, ойын құрылғысына 50 % жеңілдік: Павлодарда Құрбан айт қалай өтті?
Орталық саябақта қалалық Мәшһүр Жүсіп, Ақмешіт, Ғазиз, Әбу Бәкір Сыддық, Бижан, Ар-Рахман, Умар әл-қаттаб мешіттері бірлесіп, «Құрбан Айт құтты болсын!» атты мәдени-рухани-спорттық шаралар ұйымдастырды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Мерекелік шараға шамамен сегіз мыңға жуық қала тұрғыны белсене қатысты. Саябақтағы барлық ойын құрылғысы бағасын 50 пайызға жеңілдетті. Арзан бағамен түрлі ас мәзірі ұсынылды.
– Жиналған халыққа Айт дастарханы жайылып, 12 қазан палау, бауырсақ, күлше нан, сусындар таратылды. Сондай-ақ «Самал» оңалту орталығында тәрбиеленіп жатқан балалар саябақтағы ойын құрылғыларында тегін ойнады және олардың әрбіріне сыйлықтар табысталды. Дастархан мәзірінің қаражатын мұсылман қауымы өздері шығарды, – дейді қала мешітінің имамдары.
Жастар арасында дәстүрлі қазақ күресі, арқан тарту, қол күрестіру, гір көтеру қатарлы спорттық ойын-шаралары ұйымдастырылса, жасөспірімдер мен балдырғандар арасына мешіт ұстаздары Құран жарысы, көңілді старт, викторина, өлең-тақпақтар мәнерлеп оқу, тоғызқұмалақ қатарлы әртүрлі ұлттық ойындармен қатар иләһи ән-күй бәсекелерін қыздырды. Құран жарысы, діни сұрақтар жарыстарына қатысқан жасөспірімдердің санында шек болмады.
Құрбан айттың құрметіне Ислам діні, қазақ тарихы жөнінде, ұлттық дәстүр тұрғысында сұрақ-жауап викторинасы балалардың зердесі мен зейінін паш етті.
Айт намазынан кейін қала шетіндегі «Құлагер» атшабары аумағындағы арнайы жабдықталған орында мұсылман жамағаты Алла Тағаланың ризашылығы үшін құрбан шала бастады. Киіз үйлер тігіліп, құрбандық шалуға келген адамдарға тегін дастарқан жайылды. Сонымен қатар, шағын азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Қалада орналасқан мешіт имамдары жиналған жұртқа діни мереке туралы уағыз айтып, құрбандық шалудың шарттары мен талаптарын түсіндірді.