2025 жылы Павлодар облысында декларация тапсыру міндеттемесі кімдерге жүктеледі?
Өңірде декларацияны тапсырмаған азаматтар жеткілікті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
2021 жылдан бері Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың үш кезеңі өтті. Өңірде 180 мыңнан астам адам декларация тапсыру қажет болды. Бүгінде үшінші кезең бойынша сегіз мың адам әлі де тапсырған жоқ.
Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасовтың айтуынша, келесі жылғы декларациялауда бірқатар өзгерістер енгізілді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыға бірдей декларациялау тәсілдерін қайта қарау туралы тапсырма беріп, елден тыс активтері бар адамдарды қоспағанда, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне төртінші кезеңде кіруге міндетті азаматтарды активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларды ұсынудан босатуды ұсынды, – деді Ерболат Ғаббасов.
Десе де, 2025 жылы кейбір тұлғаларда декларация тапсыру міндеті сақталады. Атап айтқанда, шетелде тіркелген мүлкі, банк шоттарында 1000 АЕК астам ақшасы бар ҚР азаматтары, ҚР резиденттері, сайланбалы лауазымға, мемлекеттік лауазымға орналасуға кандидаттар және оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары, банктердің, бағалы қағаздар нарығының, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары болғысы келетіндер.
– Бұдан бөлек бұл тізімге жеке практикамен айналысатын адамдар, яғни адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары, кәсіби медиаторлар кіреді. Олар 240 нысаналы декларация тапсырған еді, енді 270 нысаналы декларация тапсыру керек. Алайда ең біріншіден бастапқы 250 нысананы тапсыру қажет, – деді Ерболат Ғаббасов.
Егер жеке тұлғаның атында шетелде жылжымайтын мүлік және көлік, банктік шот, инвестициялық және бағалы металдар, шетелдік компаниядағы қатысу үлестері, брокерлік шоттардағы ақша, зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері, цифрлық активтер, дебиторлық, кредиторлық берешек болмаса, онда ол 250 нысаналы декларация тапсырудан босатылады.
Ал, 270 нысаналы декларацияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, оның ішінде квазимемлекеттік сектордың басшылары мен құрылтайшылары, банктердің, бағалы қағаздар нарығының, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары, коммерциялық ұйымдардың басшысы және құрылтайшылары және олардың жұбайлары тапсыруды жалғастырады.