Павлодарда бас шыршаның шамдары қашан жағылады?

Павлодарда бас шыршаның шамдары қашан жағылады?
Фото: pixabay.com/

Облыс орталығында жарық иллюминациялар мен сырғанақтарды орнату басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, Орталық алаңда бас шыршаны құру жұмыстары басталды және биыл жаңа жылдың басты белгісі жаңартылды.

– Мерекеге орай сәукеле тәрізді 30 метрлік шырша ұлттық өрнегі бар жарықтандыру элементтерімен, 130 қар түйіршігімен, 3000 шамнан тұратын мерекелік гирляндтарымен және 534 метрлік неон жолағымен безендіріледі, – деп жазды қала әкімі Хасар Хабылбеков Іnstagram парақшасында. 

Тұрғындарды 12 жыл бойы қуантқан бұрынғы шырша бүгінде Ж.Аймауытов атындағы театр алдындағы алаңға сән беріп тұр. 

Алғаш рет жағалаудың Естай көшесінен Қайырбаев көшесіне дейінгі бөлігі жаңа жарық құрылымдармен және элементтермен безендіріледі – «Бүркіт», «Шаңырақ», этникалық өрнектер, қолшатырлар, ноталар, шарлар. Сонымен қатар, қала  көшелері, саябақтар мен алаңдар динамикалық жарық композицияларымен және LED мүсіндермен безендіріледі.

Жағалаудың Естай көшесі тұсында мұз қалашығы салынады, оның басты ерекшелігі лабиринт пен сырғанақ болмақ.  

Орталық алаңдағы шыршаны жағу рәсімі 22 желтоқсан күні сағат 19.00-де өтеді.