23 сәуірде Екібастұз ауылдық аймағында әкім сайланады
2023 жылғы 3 сәуірде Екібастұз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз қаласы әкімдігінің мәліметінше, жиында «2023 жылдың 23 сәуірінде тағайындалған Екібастұз қаласы Солнечный кентінің әкіміне кандидаттарды тіркеу қорытындысы туралы» қаулы қабылданды.
3 сәуірде сағат 18:00-дегі жағдай бойынша Екібастұз қалалық аумақтық сайлау комиссиясымен Солнечный кентінің әкіміне ұсынылған 4 кандидаттың үшеуі тіркелді.
– Олардың ішінде әйел - 0, ер адам 3 (100%). Үмікерлердің орташа жасы – 39-да. Ең үлкен кандидат 44 жаста, ең жасы – 36-да. Үміткерлер мамандығы бойынша: құқықтану, командалық тактикалық артиллерия, экономика және менеджмент. Үміткерлер қатарында – барлығы мемлекеттік қызметкерлер, – деп жазылған хабарламада.
Солнечный кентінің әкіміне тіркелген барлық кандидаттар 2023 жылғы 21 сәуір күні сағат 00:00-ге дейін жалғасатын сайлау алдындағы үгітті бастауға құқылы.
Барлық кандидаттарға үгіттік жұмысты жүргізу үшін заңнамамен тен шарттарға кепілдік беріледі.