Павлодарлық балалар статистикаға көзқарасын сурет арқылы көрсетеді

Әр бала тек бір жұмыс ұсына алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы мемлекеттік статистиканың 105 жылдығын атап өту аясында 2025 жылдың 1–25 қыркүйегі аралығында «Баланың көзімен статистика» балалар суреті байқауын өткізеді.
– Конкурсқа 5–14 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Қатысушылар үш жас санатына бөлінеді: I санат – 5–7 жас, II санат – 8–10 жас, III санат – 11–14 жас. Әр қатысушы тек бір ғана жұмыс ұсына алады. Конкурсқа қатысу ерікті және тегін, – деп хабарлады ҚР СЖРА ҰСБ Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Жақан Жәкенов.
Байқаудың шарты бойынша суреттерді қатысушының өзі орындаған болуы тиіс. Форматы А4 немесе А3, техникасы – кез келген (гуашь, акварель, қарындаш, фломастер және т.б.). Жұмыстар тақырыбы балалардың статистиканың адам мен қоғам өміріндегі рөлін қалай көретінін көрсетуі қажет. Мысалы, «Айналамыздағы сандар», «Статистик мамандығы», «Статистика елге қалай көмектеседі?», «Мен және менің статистикам», «Статистика көзімен болашақ» және т.б.
– Суреттің төменгі бөлігінде қатысушының толық аты-жөні, жасы, жұмыстың атауы, өңірі (қала/облыс) және ата-анасының (заңды өкілінің) байланыс телефоны көрсетілуі тиіс, – делінген хабарламада.
Жұмыстардың түпнұсқалары Павлодар қаласы, Генерал Дүйсенов көшесі, 9 мекенжайы бойынша қабылданады.