Павлодар облысында 200-ден астам көлік жолда тұрып қалды
Өңірде автожолдардың жабылуына байланысты бірқатар уақытша блок бекеттерде көліктер жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Екібастұзға қарай Ленин кентінде уақытша блок бекетінде 12 автобус, 30 жүк және 90 автокөлік жиналып қалған. Барлығы 820 адам бар. Оның 70-сі – бала. Ленин кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жылыту пункті дайын тұр.
– Ақмола облысына қарай Шідерті кентіндегі уақытша блок бекетінде 45 және 20 жеңіл көлік тұр. 105 адам, оның ішінде 10 бала бар. Үш жылыту пункті дайын тұр, алайда ол жерлерде адамдар жоқ, – дейді департаментте.
Павлодар қаласына қарай Шідерті кентіндегі бес жүк және сегіз автокөлікте 31 адам тұрып қалған. Екі жылыту пункті – № 7 және 33 жалпы орта білім беру мектебі дайындалған.
Сағат 10:00-дегі жағдай бойынша республикалық маңызы бар 7 және облыстық маңызы бар 8 жол учаскесінде көлік қозғалысы жабылды.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазгидромет» РМК филиалы 28 ақпан сағат 21.00-ден 1 наурыз сағат 21.00-ге дейін өңірде дауылды ескерту жариялады. Павлодар облысының солтүстік жартысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына облыстың басым бөлігінде 15-20 метрді, облыстың батысында екпіні 23 метрді құрайды.