Аққулы ауданында әкелер мектебі балаларды құнан бәйге жарысына баулиды
Ұйым төрт жылдан бері талай баланы атқа мінуге үйреткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жамбыл мектебінде ұлттық құндылықтарды жандандыруға бағытталған жобалар көп атқарылып келеді. Белсенді ата-аналардың атсалысуымен әкелер кеңесі, қыздар клубы ұлттық құндылықтарды насихаттап келеді.
– Мектепте төрт балам оқиды. Бала кезімнен атқа құмар болдым, әкелер клубының төрағасы болып тағайындалғаннан бері оқушыларды атқа мінуге үйретіп келемін, клубта он шақты әке жұмыс істейміз, – дейді Болатхан Мадине.
Көп балалы әкенің айтуынша, демалыс күндері белсенді ата-аналар өздері жиналып, балаларды атқа мінуді және қамшы өруді үйретеді. Волейбол ойнап спортқа баулиды.
– Мысалы, қамшының тобылғы сапты,мүйіз сапты, ырғай сапты,қамшы, орама сапты, сарала қамшы және басқа да көптеген түрлері бар. Мұның барлығы баланы жастайынан қоғамдық өмірге, еңбекке тартып, шаруашылық жағдайымен ерте танысуға, жылқы малын танып, білуге баулиды, – дейді ол.
Атқа құмар әкенің айтынша, әр жылы наурыз мерекесінде немесе басқа күндерде құнан бәйге өткізіледі. Атқа мініп шапқан балаларға клубтағы ата-аналардың өздері қаржылай сыйлықтар береді. Орын алмаған балаларға да ындаландыру сыйлықтары табысталады.