Аққулыда аты аңызға айналған Мерғалым атаның құрметіне дүбірлі той өтеді

Аққулыда аты аңызға айналған Мерғалым атаның құрметіне дүбірлі той өтеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ерекше шара 16 тамыз күні Мерғалым ауылында аталып өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мерғалым Мұхтариханұлы Қабдуллин бар-жоғы 51 жыл өмір сүрген. Аз ғана ғұмырының 40 жылға жуығын сынық салуға арнады. Небәрі 10 жасында Мерғалымға бір қария келіп, аян берген. Сол кезден бастап бала Мерғалым қол-аяғын мертіктіріп, көмекке мұқтаж жандарға риясыз көмек көрсете бастайды. Тіпті сүйегі әбден шашылып, жамбасы сынған адамды аяққа тұрғызатындай қасиет болған. Мерғалым Мұхтариханұлының сынықшылық қасиеті елімізге ғана емес, шетелге де танылған. Бүгінде халық емшісінің есімі Ресей Федерациясының Омбы, Новосібір облыстары мен Алтай өлкесіне де мәшһүр.    

Бұл ретте, атақты сынықшының 90 жылдығына арналған мерейтой аясында ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтайтын үлкен мәдени-спорттық бағдарлама жоспарланған. 

– Той қонақтарына ас беріліп, қазақтың ұлттық ойындары: аламан бәйге, тоқ бәйге, қазақ күресі, көкпар, сондай-ақ ақындар айтысы мен концерттік бағдарлама ұсынылады, – деді ұйымдастырушылар. 

Ұлттық спорт түрлері бойынша жүлделер қомақты: аламан бәйге (25 шақырым): бірінші орын – екі миллион теңге, екінші орын – бір миллион теңге, 3 үшінші орын – мотоцикл және 50 мың теңге. Тоқ бәйге (15 шақырым): бірінші орын – мотоцикл және 100 мың теңге, екінші орын – 400 мың теңге, үшінші орын – 300 мың теңге.

Қазақ күресі бойынша 90 келіге дейін күрескен балуандардың топ жарғанына тай берілсе, екінші, үшінші орындарға 300 және 200 мың теңге тағайындалған. 

90 келіден жоғары палуандар бірінші орын үшін мотоцикл және 50 мың теңге, екінші, үшінші орындарға 350 және 250 мың теңге ұтып ала алады. 

Көкпарда үздік атанғандар бір миллионды қанжығаларына байламақ. 

Оған қоса, «Қасиет қонған киелі жанның құрметіне» атты айтыс өтеді. Ақындар айтысында Мерғалым Мұхтариханұлының өмір жолы, халыққа көрсеткен көмегі, шипалы алақаны арқылы емделген адамдардың тағдырлары баяндалады. Жыр додасында жас ақындар мен танымал сөз шеберлері өз өнерін көрсетеді.

Той ұйымдастырушылары – ауыл тұрғындары, емшінің ұрпақтары, аудан және ауыл әкімдігі, орман шаруашылығы мекемесі. Олар мерекелік шараға алыстан-жақыннан келетін барлық ағайынды Мерғалым ауылының кең даласына, таза ауасы мен жайдары қонақжайлығына шақырады.