Ақсу қаласында есірткі сатпақ болған алматылық қыз қолға түсті

Ақсу қаласында есірткі сатпақ болған алматылық қыз қолға түсті
К.Шелковтың иллюстрациялық суреті

26 жастағы Алматы қаласының тұрғынынан 29 орам табылып, тәркіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері Ақсу қаласының аумағында тыйым салынған заттардың заңсыз айналымымен айналысқан 26 жастағы Алматы қаласының тұрғынының қылмыстық әрекетінің жолын кесті.

– Күдікті есірткі салынған «орамды» жабдықтау кезінде ұсталды. Жеке тінту барысында қыздан ақ түсті кристалл ұнтақ салынған 29 орам табылып, тәркіленді. Сондай-ақ қала көшелеріндегі жасырын орындардан осындай 28 орам анықталды. Жүргізілген сараптама нәтижесінде тәркіленген заттардың жалпы салмағы 50 грамнан асатын синтетикалық есірткі екені белгілі болды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Ұсталған азаматшаның айтуынша, ол Ақсу қаласына келіп, мессенджер арқылы жасырын орынның координаттарын алған және есірткіні өткізу мақсатында дозаларға бөліп, қаптаумен айналысқан.