Павлодарлық орындаушы республикалық байқауда ұстамдылығымен көзге түсті
Жас әншінің өнерін қазылар алқасы жоғары бағалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жас әнші Айбар Ашкеев Шымкент қаласында өткен «Шымкент сазы» республикалық эстрадалық ән байқауына қатысты.
Оның айтуынша, байқауға қатысу күтпеген жерден басталған. Айбар филармония атынан іріктеуге жолданған үш қатысушының бірі болды. Алғашқы кезең – бейнебайқауда үміткерлер бір әннен орындап, бейнежазбасын жолдаған. Нәтижесінде сол үш қатысушының ішінен Айбар Ашкеев екінші кезеңге өтті.
Республикалық деңгейде барлығы 21 қатысушы өнер көрсетті. Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен келген орындаушылар қатысты.
– Бұл байқауға арнайы дайындалып барған жоқпын. Өзім үшін, тәжірибе ретінде қатысуды жөн көрдім. Себебі конкурс эстрадалық бағытта өтті, ал мен академиялық вокалға жақынырақпын. Эстрадалық әндерді де орындаймын, алайда Магомаев, Синатра, Дин Мартин, Том Джонс стиліне жақын форматта айтамын. Қазіргі эстрада бұдан өзгеше бағытқа ауысқан, – деді әнші.

Бірінші кезеңде өнерпаз италия тіліндегі «Allemond» әнін орындаса, екінші кезеңде байқау талабына сай авторлық өңдеуден өткен әнмен өнер көрсетті. Ол «Үркер» тобының «Жаным» әнін өзіндік лирикалық интерпретацияда ұсынды. Айта кетейік, бұл нұсқа әншінің Instagram парақшасында жарияланған.
Дайындыққа небары бір апта уақыт берілген. Соған қарамастан, ол Шымкент қаласына барып, байқауда жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша Айбар Ашкеев жүлделі орынға ие болмағанымен, қазылар алқасының жылы пікірін алды. Байқауды ұйымдастырушылардың бірі, Айбардың сахнадағы ұстамдылығы мен орындау мәнерін ерекше атап өтті.
Нәтижесінде әншіге Алғыс хат, байқау кубогы және 200 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.
Алдағы жоспарында жас өнерпаз өзін кең аудиторияға таныту мақсатында телевизиялық деңгейдегі ірі жобаларға қатысуды көздеп отыр. Атап айтқанда, «Ну-ка, все вместе!» сынды вокалдық телебайқауларға бағын сынамақ.