Ақсу қаласында ескі жылу магистралі жөнделді

Ақсу қаласында ескі жылу магистралі жөнделді
Константин Шелковтың фотосы

Қалада жылыту маусымына дайындық аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

11–13 тамыз аралығында жүргізілген гидравликалық сынақтардың нәтижесінде 32 ақау анықталған болатын. Облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасына сәйкес, Ленин көшесі бойымен өтетін №1 жылу магистраліне де ауқымды жөндеу жүргізілді. Ұзындығы 1100 метрді құрайтын негізгі құбырда төрт тірек пен төрт компенсатордың зақымданғаны белгілі болды. Бұл магистраль үнемі кернеуде тұрғандықтан, бетон тіректері мен компенсаторлары істен шыққан.

– Құбырды жіпке теңеуге болады: егер ол ұзақ уақыт бойы тартылып тұрса, бір сәтте үзілетіні анық. Дәл осы жағдай жылу магистраліне қатысты болды. Егер біз мәселені дер кезінде шешпесек, алдағы қыста апатты жағдайлар туындауы мүмкін еді. Сондықтан біз тіректерді қайта қалпына келтіріп, жаңа компенсаторлар орнаттық. Енді алдағы жылыту маусымына дейін құбыр толық ауыстырылады, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов.

Ержан Иманзайыповтың айтуынша, жөндеу жұмыстары 20 тамызда басталып, 28 тамыз күні аяқталды. Бастапқы жоспар бойынша жұмыстар екінші қыркүйекте тәмамдалуы тиіс еді, алайда мердігер ұйым белгіленген мерзімнен ерте аяқтады. Қазір тек абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

– Біз осы учаскеде төрт қозғалмайтын тіректі, төрт сильфонды компенсаторды және диаметрі 800 миллиметр болатын құбырдың 302 метрлік бөлігін ауыстырдық. Жұмысқа 15 маман мен 11 арнайы техника тартылды. Бүгінде барлық міндет толық орындалды, – деді «Данияр» ЖШС директорының орынбасары Елдос Мирашев.

Жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 310 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, №1 жылу магистралі келесі жылы толық жаңғыртудан өтпек. Жобаның жалпы құны – шамамен 2,8 миллиард теңге.

– Бұл жоба Ақсу үшін өте маңызды. Өйткені, қала тұрғындарының 30%-ы дәл осы құбыр арқылы жылумен қамтамасыз етіледі. Ерте басталған және сапалы жүргізілген жөндеу жұмыстарының арқасында жылыту маусымын апатсыз өткізуге толық мүмкіндік бар, – деді Ержан Иманзаепов.

Аталған магистральға қаладағы 27 көпқабатты үй, 176 жеке тұрғын үй және тоғыз әлеуметтік нысан қосылған. Оның ішінде мектептер, балабақшалар мен медициналық мекемелер бар.