Ақсу электр станциясында бірнеше ірі жоба сәтті жүзеге асырылды

Ақсу электр станциясында бірнеше ірі жоба сәтті жүзеге асырылды
Фото: Валерий Бугаев

ERG компаниялар тобына кіретін Ақсу электр станциясы іске қосылғалы бері жарты ғасырдан астам уақыт өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Осы уақыт аралығында кәсіпорынның жұмысын жүйелендіріп, шаруаны ширату үшін ауқымды істер атқарылды. Биыл олардың қатарына теңдесі жоқ жаңа жобалар қосылды. Келесі жылға белгіленген міндет-меже де көп. Жалпы, Ақсу электр станциясының бүгінгі жай-күйі қалай? Электр энергиясын өндіру мен үнемдеуге қатысты қандай тың идеялар бар? Мамандардың біліктілігі мен кәсібилігін арттыру үшін қандай шаралар қолға алынды? Бұл туралы Ақсу электр станциясының операциялық директоры Данияр Шабанбаев айтып берді. 

56 жылда алғаш рет атқарылды 

Биыл Ақсу электр станциясы өзінің 56 жылдығын атап өтті. Бұл мерейтойлық дата болмағанымен, елеулі істермен есте қалатын жыл болды. Өйткені, тарихқа ерекше іздер қалдырды. Бұлай деуіміздің салмақты себебі бар. Кәсіпорында бір емес, бірнеше ірі жоба сәтті жүзеге асты. Солардың қатарында маңыздылығы жағынан да, орындалуы жағынан да ерекше орын алатын іс – отын жеткізу жолын жаңғырту. Жалпы, бұл жол екі желіден тұрады. Солар арқылы бункерге көмір беріледі. Бұл – үздіксіз іс, сондықтан оны жаңғырту оңай бола қойған жоқ. 

- Қондырғы тоқтаусыз жұмыс істейді. Сондықтан үлкен таңдаудың алдында тұрдық. Бірі – отын жеткізудің екінші желісін іске қосу. Бірақ ол қыруар қаржыны қажет ететін еді. Екіншісі -қолда бар қондырғыны қайта жаңғырту. Тиімді жоба ретінде екінші нұсқаны таңдадық. Дес еде, ол да оңай іс емес. Себебі конвейерді жаңғырту бойынша жұмыстар конвейер жақтауының, жетек және керу станцияларының 100 пайыз жаңаруын қамтиды. Бұл ретте жаңарту істері жұмыс істеп тұрған қондырғының жанында жүргізілгенін және станцияның көмірге деген сұранысын 110 пайызға қамтамасыз етуі тиіс конвейердің бір желісі ғана істе қалғанын ескеру керек. Сәйкесінше, қолданыстағы конвейер ісі тұралап, салдарынан тұтас электр станциясы тоқтап қала ма деген қауіп болды. Сондықтан мердігер компанияға жоғары талаптар қойылды. Бастысы – оның қайта қалпына келтірілетін желінің 6 сағаттық жұмысқа дайындығына кепілдік беруі. Біздің бұл талаптарға ресейлік компания келісті. Біз де, олар да қойылған міндетті өте жақсы орындай білдік. Нәтижесінде 56 жылда алғаш рет жүргізілген отын жеткізу жолының бір ғана желісін жаңғырту жұмысының нәтижесінде желінің өнімділігі қазіргі 1400 тоннадан сағатына 1520 тоннаға дейін жетті, - деп ойын түйіндеді директор. 

Ал екінші желіні жаңғырту жұмысы келесі жылы жүргізіледі. Бірақ бұл жолы ақсулық мамандар өзге мердігердің көмегіне иек артпайтын болып шешті. Барлығын өздері-ақ атқаратын әлеует жеткілікті. 

- Мердігер мамандар бірінші желіні жаңғыртқан тұста олардың қалай жұмыс істейтінін мұқият қарап, меңгеріп алдық. Соны негізге ала отырып, аталмыш іс біздің де қолымыздан келеді деген ой түйдік. Себебі өзіміздің қондырғылардың барлық жай-жапсарын олардан артық болмаса, кем білмейтініміз анық. Мердігерлердің өздері де бізбен үнемі кеңесіп отырды. Бұған дейін біз технологияны білмегендіктен өз күшімізге күмәнмен қарадық. Енді жұмыс барысын көріп, ой түйген соң екінші желіні жаңғырту жұмыстарын өзіміз-ақ атқара алатынымызға сенімдіміз. Келесі жылы сынақ ретінде 1Г таспалы конвейердің 150 метрін ауыстыруды көздеп отырмыз. Жоспар бойынша, наурыз-сәуір айларында іске кірісеміз, - деп бөлісті станция басшысы.

Электр станциясының мамандары жаңғырту жұмыстарын өздері жүргізген уақытта қаржылай тұрғыдан да ұтады. Сондықтан істі өздері атқарған тиімді. Дей тұрғанмен, Данияр Шабанбаев басшы ретінде ол үшін қаржылық үнемдеуден бұрын қызметкерлердің кәсіби тұрғыда дамып, материалдық жағдайын жақсартқаны анағұрлым маңызды екенін алға тартады. Айтуынша, отын жеткізу жолын жаңғыртуға жеке қаржы қарастырылады, ол жаңа құрал-жабдық сатып алуға жұмсалады. Бұл өз кезегінде мамандардың жаңа дағдыларды игеруіне оң әсер етеді. Бұл – бір. Екіншіден, жұмысшылар әдетте алатын ақшасынан көбірек табыс таба алады.  

Жалпы, Ақсу электр станциясында биылғы жылыту маусымы алдындағы дайындық барысында атқарылған іс бұл ғана емес. Алғаш рет жүргізілген жұмыстар тізімі де отын жеткізу жолының жаңғыруымен шектелмейді. 

- Жылыту маусымына әзірлік барысында ауқымды жұмыс жүргізілді. Мәселен, №1 және №6 энергоблоктар күрделі жөндеуден өтті. Соның нәтижесінде жеті энергоблоктың барлығы жұмыс істеп тұр. Тағы бір энергоблок қайта қалпына келтірілуде. Осы орайда №1 энергоблокты жөндеу аясында алғаш рет трансформатор ауыстырылды. Бұған дейін станцияда тек шетелдік қондырғылар қолданылатын. Олардың қатарында украиналық, ресейлік және қытайлық қондырғылар бар. Ал биыл шымкенттік зауыт біз үшін арнайы қуаттылығы 110 киловольт болатын трансформатор дайындады. Олардың барлығы орнатылды. Осы уақытқа дейін қандай да бір олқылық болған жоқ. Трансформаторлардан кейін өзге де жобаларды жүзеге асырып, қазақстандық құрамның үлесін арттыру ойда бар. Бүгінде біздің елде жоғары технологиялық өндірістік желілерді өндіру ісі жақсы қарқын алып келеді, - дейді Д.Шабанбаев. 

Сонымен қатар, келесі жылы бірінші рет отын жеткізу жолына аспирация жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Станцияда жүк түсіретін вгоннан бөлек қоймаға, қазандыққа дейінгі конвейерлер бар. Бұл ғимараттарда ешқашан аспирация жүйесі болған емес. Әрине, шаңды көтермеу үшін суаруды пайдаланатын, буды қолданатын жергілікті жобалар жүзеге асты. Бірақ мұндай кешенді шешім енгізілген жоқ. Сондықтан биыл отын жеткізу жолына аспирация жүйесін қосу мақсатында қомақты сома бөлінді. Тиісті құрал-жабдықтар жеткізілді де. Ендігі ретте мердіргерді таңдау ісі қалды. Содан соң мамандар жаңа жүйені енгізуге кіріседі. Бұл ретте №4 вагон аудару жүйесіндегі аспирациялық қондырғының ағымдағы монтаждау жұмыстарын да атап өтуге болады. 

Үнемдеу жолындағы жарыс

Данияр Шабанбаев жүргізілген жөндеу жұмыстарына қатысты мол мәліметті тілге тиек етті. Атқарылған жұмыстардың ішінде №3 күл үйіндісінің жаңа секциясын салу, екі багер сорғысы станциясындағы негізгі коллекторларды ауыстырудан апаттық сыйымдылықты тазартуға дейінгі істерді қамтитын толықтай жаңарту сынды істер бар. Бұлардың барлығы бір қарағанда жеңіл шаруа болып көрінуі мүмкін. Алайда, әсте олай емес. Қысқа уақыттағы электр станциясының үздіксіз жұмыс істеуі жоғарыда аталғанның бәріне тікелей байланысты. 2024 жылы станцияда негізгі құрал-жабдықты күрделі жөндеу сынды бірқатар шара атқарылды. Соның нәтижесінде 2024-2025 кезеңдегі күзгі-қысқы уақытта орталықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге жағдай жасалды. 

Бүгінде Ақсу электр станциясының қуаттылығы 2475 мегаватты құрап отыр. Сондықтан ол – ERG компаниялар тобындағы ең ірі станция және еліміздегі ірі орталықтардың бірі. Жалпы, құрамында бес электр станциясы бар Топта сағатына 18 миллиард киловатт электр энергиясы өндіріледі. Оның 16 миллиардын өздері тұтынса, қалған 2 миллиардты нарыққа жөнелтеді. 

Бұл ретте станция басшылығы осы жылы тағы бір тың іс – электр энергиясын үнемдеуге қатысты жобаны қолға алғанын атап өткен жөн. 

- Біз электр энергиясы өндірісінде энергия ресурстары шығынының нормасын азайтуға бағытталған істермен айналысып жатырмыз. Осы мақсатта биыл геймификация, яғни вахталар арасындағы жарысты бастадық. Пилоттық режимде әзірше тек қазандық турбинасы цехы қатысып жатыр. Алдағы уақытта бұл тәжірибені өзге цехтар да жалғастырады деген ойдамын. Сайыста еленетін талаптар көп. Оның ішінде суды, мазутты, көмірді, электр энергиясын үнемдеу мен басқа да көптеген көрсеткіш бар. Барлық нәтиже геймификация үшін арнайы әзірленген жеке ІТ-өнімге енгізіледі. Кейін мұның барлығы талданып, сараланып, жыл соңында ай сайынғы рекордтар үшін берілетін кубоктан бөлек, үздіктерге сыйақы қарастырылады, - дейді Д.Шабанбаев. 

Осындай қызықты әрі пайдалы іс арқылы станциядағы электр энергиясын үнемдеу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде тұтас өндіріске оң ықпалын тигізеді деген ой бар. 

Ақсу электр станциясындағы тағы бір қызықты жоба – жиілік пен қуаттылықты автоматты түрде реттеу. Былтырдан бері Қазақстанда электр энергиясының теңгеруші саудасы енгізілген. Ақсу электр станциясының биылғы жобасы сол бастамаға өзіндік жауап болмақ. Данияр Шабанбаев бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін ERG компаниясы Хромтауда салып жатқан жел-электр станциясын негізге ала отырып егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. 

- Қазіргі уақытта Қазақстанда маневрлік қуаттың тапшылығы бар. Жел станциясының жұмысы тұрақсыз ғой. Жел болса, жұмыс істейді. Ол болмаса, тұралап қалады. Сондықтан мұндай станциялардың жұмысын реттеу керек. Яғни, жел-электр станциясы қамти алмайтын, бере алмайтын қуаттылықты дәстүрлі, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан электр энергиясы станциялары өтеген дұрыс. Маневрлік қуаттылық дегеніміз осы. Бүгінгі таңда Хромтау қаласында салынып жатқан жел-электр станциясы 150 мегаваттқа есептелген. Хромтау қаласында іске қосылатын станцияны теңгерімдеу үшін жиілік пен қуаттылықты автоматты түрде реттеу жүйесі керек. Бірақ қазір диапазонды кейде көп, кейде аз белгілеп отырмыз. Бұл жоба жұмыс істеп тұрған шақта энергия жүйесінен табыс табуға мүмкіндік бар, - деп атап өтті станция директоры. 

Осы орайда атап өтерлігі, ақсулық станцияның нарыққа жөнелтетін электр энергиясының көлемін арттыруға зор әлеуеті бар. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, №7 блок қайта қалпына келтірілуде. Бұған қатысты түрлі технологиялар да қарастырылып жатыр. Қазандықтар – ресейлік, турбина, генераторлар – Харьков зауытының өнімдері. Соңғы геоясаяси ахуал белгілі. Сол себепті ақсулық станция Қытайдан басқа нұсқаларды ойластырып отыр. Бірақ, Данияр Шабанбаевтың сөзінше, құралдың көлеміне байланысты қиындықтар туады. Себебі қытайлық агрегаттар өлшемі бойынша біздің қондырғыларға келмейді. Әзірше кәсіпорын басшылығы бөлшектеумен айналысумен қатар, қытайлық технологияны жергілікті габариттерге ыңғайлаудың амалын қарастыруда. 

Жастарға зор сенім артылады

Кез келген кәсіпорынның негізгі тірегі – қызметкерлер. Бұл ретте Ақсу электр станциясында да білімі мен біліктілігі жоғары мамандар еңбек етеді. Әсіресе, соңғы жылдары олардың қосымша дағдыларды үйреніп, меңгеруіне баса мән беріледі. Кәсіпорын басшылығы сол арқылы станцияны жоғары санаттағы мамандармен қамтуды мақсат етіп отыр. Бірақ, жасыратыны жоқ, кадрлық мәселе бар. Әсіресе, электр мамандары аздық ететін көрінеді. 

- Кәсіптік-техникалық оқу орнында білім алу мен сол білімді өндірісте пайдалану – екі бөлек дүние. Біз, әрине, өзіміз әріптестік байланыс орнатқан оқу орындары арқылы жастарды өндірістік өмірге дайындап, бейімдейміз. Алайда тәжірибеге келген кезде көбі өндірістік қауіпсіздік бойынша емтиханнан сүрініп жатады. Содан соң жас мамандар не біздің қосалқы цехтарға орналасады, не мүлде жұмыстан кетеді. Соңғы бес жылда кадрлық құрам айтарлықтай жасарды. Орташа жас 2019 жылы 46 жас болса, бүгінде 40,5 жасты құрап отыр. Бірақ бізге сонда да электрик, жылу энергетикасы мамандары жетпейді. Жастар өндірістік жұмысқа келуге аса құлық танытпайды. Ал түптеп келгенде бізде Ақсу қаласы үшін жақсы жалақы қарастырылған. Ол ҚР энергетика саласындағы еңбек нарығындағы орташа айлықтан 10 пайызға жоғары, - дейді станция директоры. 

Кәсіпорын басшылығы тығырықтан шығу үшін өздері кадр дайындап, жастарды инженер, шебер сынды жауапкершілігі зор жұмысқа бекітіп, сенім артады. Ал олардың одан әрі жоғарылап, биіктен көрінуі үшін белсенділік танытуға кеңес береді. Уақытпен санаспай, компанияның әр жобасына көрініп, бастамашыл бола білген жас шыңдарды бағындырады.

Құндыз Қабылденова