2025 жылы Май ауданында су қоймасының құрылысы басталады

2025 жылы Май ауданында су қоймасының құрылысы басталады
Иллюстративное фото Константина Шелкова

Құрылыс құжаттары дайын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың «Достық үйінде» БАҚ өкілдерімен кездесуінде Май ауданында су қоймасын салу жөніндегі былтырғы жоба жайлы сөз қозғалды. Су қоймасы Қолыбай алқабында салынуы керек.

Аймақ басшысы бұл өте жақсы жоба екенін және келесі жылдан бастап жүзеге асырыла бастайтынын атап өтті.

– Бірінші кезекте келесі жылы Май ауданында Қолыбай лиман массивті құрылысын бастаймыз. Оған келесі жылға республикалық бюджеттен ақша бөлінді. Жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан шықты. Лиманды суару жүйесі 14 мың гектар алқабында салынады.  Сосын су қоймасына кірісеміз, ол үшін техникалық-экономикалық негіздеме жүріп жатыр, – деді облыс әкімі.

Жоба келер жылы аяқталса, жаңадан 14,6 мың гектар жерді суландыруға мүмкіндік бар. Қолыбай лиманды суару жүйесін күрделі жөндеу жобасы биыл басталған. Аталған іс-шара аясында Май ауданы бойынша 38 гидротехникалық және алты су өткізу құрылысы жөнделеді.

Еске сала кетейік, кездесу барысында сода зауытының құрылысының өзектілігі туралы мәселе көтерілген болатын. Жобаның құны 200 миллион долларды құрайды.