Ақсулық құтқарушы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

Ақсулық құтқарушы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды
Фото: облыстық ТЖД баспасөз қызметі

Ол мемлекеттік награданы жанқиярлығы және жоғары кәсібилігі үшін алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық ТЖД-ның Ақсу қаласы ТЖ бөліміне қарасты №10 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Арман Ерсайұлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан берілген «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Өрт сөндіруші қызметтік борышын атқару барысында көрсеткен батырлығы, жанқиярлығы және жоғары кәсібилігі үшін осы жоғары мемлекеттік наградаға ие болды. Құтқарушы алтыншы қабаттың терезесінен секірмек болған азаматты құтқарып қалды. Өрт сөндірушілердің батыл әрі шұғыл әрекеттерінің арқасында адамның өмірі сақталып қалды.

Елордадан марапатпен оралған Арман Ерсайұлын Ақсу гарнизонының басшылығы, әріптестері мен жеке құрамы ыстық ықыласпен қарсы алды. Олар әріптестерінің ерлігі мен кәсіби шеберлігін мақтанышпен атап өтіп, шынайы алғыстарын білдірді.