Ақсуда неке залы ашылды
Енді тұрғындар некелерін салтанатты түрде рәсімдей алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, АХАТ бөлімінде мерекелік зал ашылды.
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің функциялары жергілікті атқарушы органдардан «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-қа берілді. Бүгінгі күні Ақсу қаласында салтанатты тіркеуді тек Астана көшесі, 26 мекенжайы бойынша АХАТ бөлімінде жүргізуге болады.
– Салтанатты тіркеуден өту үшін іс-шараға 15 күн қалғанда АХАТ бөліміне өтініш беру қажет. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында АХАТ бөлімі 2242 қызмет көрсетті, оның ішінде 100-ге жуық неке тіркелді, – дейді филиалда.
Салтанатты тіркеу қызметі ақылы, 10 000 теңгені құрайды. Залға қонақтар, фотограф және бейнеоператор кіре алады. Тіркеуді жасау үшін АХАТ маманы мереке өтетін мекемеге бара алады.
Айта кетейік, облыс орталығы мен Павлодар ауданының тұрғындары үшін неке қиюды салтанатты түрде тіркеу мына мекенжай бойынша жүзеге асырылады: Исиналиев көшесі, 24. Зал жақында жөндеуден өткен.