Павлодарда зағип балаларға арналған тифлосаяхат іске қосылды

Павлодарда зағип балаларға арналған тифлосаяхат іске қосылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Енді саяхаттау үшін қаладан кетудің қажеті болмайды. Ол үшін балалар полиссенсорлық тәжірибені пайдаланады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс орталығында 400-ге жуық бала көру қабілетінен айырылған. Олар үшін облыстық зағиптар мен нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана мультисенсорлық тәжірибенің «Елестер әлемі – Қазақстан бойынша саяхат» және «Книжные жмурки» атты екі қызықты жобасын әзірледі.

Мекеменің қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ольга Фаткинаның айтуынша, адам қоршаған әлемді 90% көру арқылы қабылдайды, ал нашар көретін адамдар есту, дәм, иіс және тактильді сезімдерді пайдаланады.

–     «Книжные жмурки» – бұл кітап клубы, онда біз тактильді және сенсорлық атрибуттарды енгіздік, – дейді ол. – Соңғы бір жылда қазақстандық және шетелдік авторлардың әр дәуірдегі көркем шығармаларын оқып, әр шығармаға материалдық атрибуттардан тұратын жәшік жасадық. Яғни, балалар оқығандарын қолмен ұстау арқылы біле алады.

Балалар кітаптарды Брайль арқылы оқиды немесе тыңдайды.

–   Сонымен қатар, өлкетану әдебиетін насихаттауға тырысамыз, сондықтан Қазақстанның белгілі жерлеріне тифлосаяхат турларын өткіземіз. Бөлмеден шықпай-ақ Баянауыл ұлттық саябағын, Қорғалжын қорығын, Көлсай көлдерін және Алматы қорығын араладық, – деді Ольга Фаткина. – Біз балаларды жолға шығып бара жатқан автобустың дыбыс әсерлерімен, құстар мен жануарлардың дауыстарымен, судың шашырауымен сүйемелдеуге барынша тырыстық.

Жоба биыл жаңғыртылады.