Ақсулық азамат инклюзивті орта қалыптастыруға үлес қосып жүр
Белсенді жастың бастамасын 600-ден астам тұрғын қолдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қаланы дамытуға бағытталған әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың авторы әрі бастамашысы Асыл Әміров «EduBridge: Global Volunteer Forum for Inclusive Learning» халықаралық волонтерлік форумында өз мақсаттарымен бөлісті. Оның айтуынша, басты міндет – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді орта қалыптастырып, олардың қоғамдық және спорттық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау.
Осы мақсатта ол «Арлан аренада» мүмкіндігі шектеулі жандар арасында үстел теннисінен республикалық жарыс өткізуді ұсынды. Асылдың пікірінше, бұл бастама ақсулықтардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға деген ынтасын арттырған.
Оның тағы бір жобасы – тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған бочча ойынына арналған арнайы алаң салу.
– Бочча – паралимпиадалық спорт түрі. Онда спортшылар арнайы доптарды бір-біріне барынша жақын орналастыруға тырысады. Бұл ойынның ерекшелігі – жарақат алу қаупі төмен. Сондықтан оған орталық жүйке жүйесі ауыр зақымданған немесе омыртқа жарақатын алған адамдар да қатыса алады, – дейді Асыл Әміров.
Бочча дәлдікті, зейінді және шапшаң ойлауды талап етеді. Сонымен қатар ол ептілікті, төзімділікті және қозғалыс үйлесімділігін дамытуға ықпал етеді.

– Бізге мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген, қауіпсіз әрі жайлы инклюзивті спорт алаңы қажет болды. Қазір бұл алаң тек жастардың ғана емес, балалар мен ересектердің де сүйікті орнына айналды, – деді жоба авторы.
Келесі бастама – қалалық жағажайды ерекше қажеттілігі бар адамдарға бейімдеу. Жоба аясында пандустар, тұтқалар және арба пайдаланушылардың еркін қозғалуына арналған арнайы жолақтар қарастырылған. Бұл идеяны Ақсу қаласының 600-ден астам тұрғыны қолдаған.
– Жағажай мен сияқты адамдар үшін де қолжетімді болуы керек деп есептеймін. Біз өзімізді шеттетілгендей сезінбеуіміз және демалысымызды басқалармен тең дәрежеде өткізе алуымыз қажет. Осындай жобалар инклюзияның мәні – физикалық мүмкіндігіне қарамастан баршаға қолжетімді орта қалыптастыру екенін көрсетеді, – дейді Асыл Әміров.
Сондай-ақ ол Дөнентаев көшесіндегі 46-үйдің ауласын абаттандыруды ұсынған. Нәтижесінде мұнда балалар ойын алаңы, воркаут аймағы және спорттық тренажерлер орнатылды.
– Еліміздегі әрбір қала арба пайдаланушыларға да, көзі көрмейтін жандарға да, жалпы барлық адамға қолайлы болғанын қалаймын. Мұндай жағдай қалыпты өмір салтына айналуы тиіс, – дейді Асыл Әміров.
Айта кетелік, Павлодар облысында азаматтық бастамаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Өңірде қолжетімді және инклюзивті білім беруді дамытуға арналған үш күндік республикалық форум өтті. Оған Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь және Әзербайжаннан, сондай-ақ Астана қаласы, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан келген делегациялар қатысты.