Павлодар облысында жастардың саны артты
Биылғы жылы облыс орталығында үш бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жастар бастамаларын дамыту орталығы NEET жастар бөлімінің басшысы Жандарбек Қабдраш мәлім етті.
–2023 жылы жастардың жас критерийі 35 жасқа дейін ұлғайтылған болатын. Осыған байланысты статистикалық деректерге сәйкес, 2023 жылдың бірінші тоқсанына жастардың жалпы саны 201 000 адамды құрайды. Ал былтыр жастардың саны 130 114 болған, – дейді Жандарбек Қабдраш.
Оның айтуынша, 2023 жылдың бірінші тоқсанында 338 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде тұрақты жұмыспен – 215, уақытша жұмыспен 123 адам қамтылды. Өткен жылы 2020 адам жұмысқа орналастырылған.
Сонымен қатар, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 37 074 консультация өткізілді. Орталық қызметкерлері апта сайын жастардың өзекті мәселелері бойынша өтініштерді тіркейді.
Айта кетейік, 26 мамыр күні жастар бастамаларын дамыту орталығында кезекті бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтеді.