Ақсулықтардың ұсыныстары қалада қолжетімді орта қалыптастыруға негіз болды
Бүгінде инклюзивті идеялар нақты іске айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласын дамытуға бағытталған әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың авторы әрі бастамашысы Асыл Әміров «EduBridge: Global Volunteer Forum for Inclusive Learning» халықаралық еріктілер форумына қатысушыларға өз мақсаттары туралы айтып берді. Оның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді орта қалыптастырып, олардың қоғамдық және спорттық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасау.
Осы мақсатта ол «Арлан аренада» мүмкіндігі шектеулі жандар арасында үстел теннисінен республикалық жарыс өткізуді ұсынған. Қала тұрғынының пікірінше, бұл шара ақсулықтардың өзін-өзі дамытуға деген ұмтылысын қолдауға ықпал еткен.
Асыл Әміровтің тағы бір маңызды жобасы – қозғалу мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған доп ойнайтын арнайы алаң салу болды.
– Бочча – паралимпиадалық спорт түрі. Онда спортшылар арнайы доптарды лақтырып, оларды бір-біріне барынша жақын орналастыруға тырысады, – дейді ол. – Бұл ойынның ерекшелігі – жарақат алу қаупі төмен. Сондықтан оған орталық жүйке жүйесінің ауыр зақымдануы немесе омыртқа жарақаты бар адамдар да қатыса алады.
Бочча ойыны дәлдікті, жинақылықты және жоғары зейінді талап етеді. Сонымен қатар, ол тактикалық ойлауды дамытып, ептілікке, дәлдікке, төзімділікке және қимыл-қозғалыс үйлесімін жетілдіруге көмектеседі.
– Бізге мүмкіндігі шектеулі адамдарға толық бейімделген, қауіпсіз әрі жайлы инклюзивті спорт алаңы қажет болды. Бүгінде бұл алаң тек Ақсу жастарының ғана емес, балалар мен ересектердің де сүйікті орнына айналды, – дейді Асыл Әміров.
Келесі жоба – қалалық жағалауда ерекше жағажай ашу. Онда пандустар, сүйеніш тұтқалар және арбамен қозғалатын адамдарға арналған арнайы жолдар қарастырылған. Бұл бастаманы Ақсудың 600-ден астам тұрғыны қолдаған.
– Менің ойымша, жағажай мен сияқты адамдар үшін де қолжетімді болуы керек. Біз өзімізді ештеңеден шеттетілгендей сезінбей, жағажайда еркін демала алуымыз қажет. Осындай жобалар инклюзияның мәнін айқын көрсетеді. Бұл – физикалық мүмкіндігіне қарамастан әр адамға қолжетімді орта қалыптастыру, – деді ол.
Сонымен қатар, жас азамат Донентаев көшесіндегі №46 үйдің ауласын абаттандыруды ұсынды. Нәтижесінде мұнда балалар ойын алаңы, воркаут алаңы және спорттық жаттығу құрылғылары орнатылды.
– Еліміздегі әрбір қала арба пайдаланатын адамдарға да, көру қабілеті бұзылған жандарға да, жалпы барлық тұрғынға жайлы болса екен деймін. Мұндай қолжетімділік қалыпты жағдайға айналуы керек, – деді Асыл Әміров.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында азаматтық бастамаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Өңірде қолжетімді және инклюзивті білім беруді дамытуға арналған үш күндік республикалық форум өтті. Оған Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь және Әзербайжаннан, сондай-ақ Астана қаласы, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан келген делегациялар қатысты.