Абзал Қабдраш: Кітап оқу саналы шешім қабылдауға жетелейді

Абзал Қабдраш: Кітап оқу саналы шешім қабылдауға жетелейді
Фото: автор

Маңғыстау облысы бойынша 109 бірыңғай байланыс орталығының басшысы Абзал Қабдраш туған жеріне арнайы келіп, Павлодардағы 51-сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында қызмет атқаратын Абзал Қабдраш Павлодарда тіркелгендіктен, облыстық мәслихат сайлауында өз таңдауын жасау үшін арнайы ұшып келген. Оның айтуынша, мұндай саяси науқанға тұрғындар бейжай қарамауы керек.

– Мәслихат депутаттарының сайлауы жай қарап отыратын науқан емес. Менің ойымша, әр тұрғын қалыс қалмай, дауыс беруі тиіс. Азамат ретінде өз таңдауымызды жасау маңызды деп есептеймін, – деді Абзал Қабдраш.

Ол Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Кітап оқитын ұлт» жобасының маңызына да тоқталды. Спикердің пікірінше, кітап оқу мәдениеті қалыптасқан қоғамда саналы шешім қабылдау мен ой-өрісті дамытуға айрықша мән беріледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы жобаны бастады. Кітап оқу адамның ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын қалыптастырады. Кітап оқитын ұлттың шешім қабылдайтын ұрпағы болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан мұндай бастамалардың маңызы зор, – деп толықтырды Абзал Қабдраш.

Бүгінде 51-сайлау учаскесінде 1900-ден астам сайлаушы тіркелген. Учаске төрағасы Рысалды Спатилованың айтуынша, тұрғындар таңертеңнен бері белсенділік танытып жатыр. Дауыс беруге алғаш келген азаматтарға естелік сыйлықтар да табысталған.

– Таңғы сағат 7:00-де 80-нен асқан қария келіп, бірінші болып дауыс берді. Ол тіпті бірге әнұран шырқады. Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толған екі бойжеткен де алғаш рет дауыс беруге келді. Олардың барлығына естелік ретінде блокнот сыйладық, – деді Рысалды Спатилова.

Учаскеде алғаш рет дауыс беретін жеті азамат бар. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар 16 сайлаушы тіркелген, оның 14-і үйде дауыс беру мүмкіндігін пайдаланады. Учаске мамандары олардың сайлау құқығын жүзеге асыруына қажетті жағдай жасалғанын атап өтті. Атап айтқанда, көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған Брайль жүйесіндегі материалдар мен өзге де қолжетімділік құралдары қарастырылған.