Павлодарда қаржылық пирамида ұйымдастырғандарға сот үкімі шықты

Ұйым 58 миллион жымқырып үлгерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса ірі мөлшерде ақша тартып, қаржылық пирамиданы жарнамалау, айтарлықтай залал келтірумен, Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, адамдарды оған тартуға алып келген қаржылық пирамидаға басшылық ету фактісі бойынша үкім шығарды.
Соттың мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар айында Р. заңсыз материалдық пайда алу мақсатында «TAKORP» қаржылық пирамиданың құрылымдық бөлімшесін басқарып, қылмыстық жоспар құрған. Сотталушы Ч. оған ұйымды жарнамалауға көмектескен. Бұл қаржылық пирамида өзін АҚШ-та орналасқан ұйым ретінде көрсетіп, жарнама саласындағы даму мен инновациялық технологияларға арналған қосымшаларды сылтау етіп, салымшылардан қаражат жинап отырған.Нәтижесінде үлескерлер салған ақшаның жалпы сомасы 58 миллион теңгеден асты.
Сот шешімі бойынша пирамиданың басшысы алты жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуі керек. Оның сыбайласын ауданаралық қылмыстық сот бір жарым жылға бас бостандығынан айырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.