Алматы облысының тұрғындары өз құқықтарын қорғау үшін Павлодар сотына жүгінді

Алматы облысының тұрғындары өз құқықтарын қорғау үшін Павлодар сотына жүгінді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар мүлікке салынған негізсіз шектеулердің күшін жою мәселесін көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Банк Алматы облысында тұратын ерлі-зайыптылардан 26 миллион теңге көлеміндегі берешекті өндіріп алу туралы сотқа талап қоюмен жүгінген. Істі қарау барысында сот талап қоюды қамтамасыз ету шаралары ретінде борышкерлердің мүлкіне талап етілген сома шегінде тыйым салу жөнінде қаулы шығарған. Қамтамасыз ету шараларын орындау жеке сот орындаушысына жүктелген.

– Алайда ЖСО сәйкестік (тепе-теңдік) қағидатын ескермей, борышкерлердің барлық мүлкіне тыйым салған. Оның ішінде жалпы құны берешек сомасынан едәуір асып түсетін мүліктер де қамтылған. Атап айтқанда, тыйым салынған мүліктердің қатарында екінші деңгейлі банктердегі ақшалай қаражаттар, құны 49,5 миллион теңге болатын кеңсе және 72 миллион теңгеден асатын тұрғын үй болған, – деді ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі.

Борышкерлердің мүлкіне қатысты мәмілелер жасауға тыйым салынғаннан кейін, ерлі-зайыптылар ЖСО-ға тыйымды ішінара алып тастау туралы өтініш білдірген. Олар талап сомасынан әлдеқайда жоғары құны бар бір ғана жылжымайтын мүліктің өзі жеткілікті екенін бағалау есебімен дәлелдесе де, өтініштері қанағаттандырылмаған.

ЖСО-ның бас тартуымен келіспеген борышкерлер Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына (МАӘС) жүгінді. 

– Сот ерлі-зайыптылардың талап қоюын қанағаттандырып, ЖСО-ның әкімшілік қалауының шектерін бұзғанын ескерді. Сот борышкерлердің талап сомасынан едәуір асып түсетін мүлкі болған жағдайда, ЖСО банктік шоттар мен өзге де нысандардан тыйымды алып тастап, тек бір ғана жылжымайтын мүлікті қалдыруға міндетті болғанын атап өтті, – делінген хабарламада.

Сот шешімі бойынша, құны 49,5 миллион теңгелік кеңсеге тыйымды қалдырып, тұрғын үй мен банк шоттарын бұғаттан босату тиіс еді. Сонымен қатар сот мүлікке билік етуге қатысты ЖСО-ның қаулысын заңсыз деп таныды, өйткені мұндай қатаң шара соттың бастапқы ұйғарымында көзделмеген.

Мәжбүрлеп орындату шаралары өндіріп алушының талаптары көлеміне сай болуы және сот белгілеген шектерден аспауы тиіс. Қазіргі таңда сот шешімі заңды күшіне енді. Соттың жеке ұйғарымын қарау нәтижесінде Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы ЖСО-ға қатысты тәртіптік жаза ретінде сөгіс жариялады.