Аққулы ауданында полицей суға батып бара жатқан мас әйелді құтқарды
Әйел балаларының көзінше батып кете жаздады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Polisia.kz ақпараттық медиа-порталдың мәліметінше, Аққулы ауданының тәртіп сақшыларына Жамбыл ауылында бір топ адамның ішімдік ішіп жатқаны туралы хабар келіп түсті. Шақыруға ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция аға учаскелік инспекторы Елдос Қойкен, әкімшілік практика инспекторы Әділ Ізбасаров және жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Ришат Адамбаев барды. Кәмелетке толмаған екі бала полицейлерге анасының Ертіске қарай кеткенін түсіндірді. Автопатруль Ертіске қарай бет алып, суға батып бара жатқан әйелді байқады.
– Мен оның суға батып бара жатқанын көргенде ойлануға уақыт болмады. Суға қарай асығыс жөнелдім. Жақындап барғанда, әйел су астына батып, бара жатты. Шынымды айтсам тіпті қорқуға да уақыт болмады. Ол тұншығып қалмасын деп тіледім. Әйелді ұстап алып, судан шығардым, – дейді Елдос Қойкен.
Әйел мас күйде болған. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейіннен дәрігерлерге жіберілді. Қазір әйелдің өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.