Алматылық екі тұрғын Павлодарда есірткіге қатысты қылмыс үшін ұсталды

Алматылық екі тұрғын Павлодарда есірткіге қатысты қылмыс үшін ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ұстау кезінде олардан белгісіз ұнтақ заты салынған 58 түйін табылып, тәркіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тінту шаралары барысында Павлодарда уақытша тұрып жатқан мекенжайларынан да түрлі заттар алынған: ішінде ұнтақ заты бар екі полиэтилен пакет, оқшаулағыш таспалар, zip lock пакеттер, магниттер, электронды таразылар мен фольга анықталған.

– Алынған заттарға қатысты сот-химиялық сараптама тағайындалды. Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамаққа алу туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта қылмыстық кодекстің есірткі заттарын заңсыз өндіру, өңдеу және дайындау баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, – деді департаментте.

Полиция департаменті азаматтарды заңсыз әрекеттерге куә болған жағдайда «102» нөміріне қоңырау шалуға, «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы немесе @dp_pavlodar Instagram парақшасының директіне жазуға шақырады. Құпиялыққа кепілдік беріледі.