Америка елшісі Павлодар облысының экономикалық әлеуетімен танысты
Өңір басшысы АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюммен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кездесу барысында Асайын Байханов өңірдің ерекшеліктерін айтып, өңірдің экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктерімен бөлісті.
– Жан-жақты әңгіме мен пікір алмасу болды. Дэниел Розенблюм мырза азаматтық қоғамның дамуына, денсаулық сақтау мәселелеріне, халықаралық ынтымақтастық аясында жәрдемдесуге болатын мәселелердің бар-жоғына қызығушылық танытты, – деді облыс әкімдігінде.
Асайын Байханов Павлодар қаласының ЖИТС орталығына жабдықтарды жеткізуге, жасанды интеллектті дамыту бойынша білім беру жобаларын кеңейтуге көмектескені үшін алғысын білдірді. АҚШ-тың жетекші емханаларында павлодарлық дәрігерлердің біліктілігін арттыруға және тәжірибе алмасуға жәрдемдесу қажеттігіне ерекше назар аударды.
Кездесу соңында АҚШ елшісіне жергілікті суретшінің суреті сыйға тартылды.
Өзінің танысу сапары барысында АҚШ-тың төтенше және өкілетті елшісі Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайына барып, оны палеонтологиялық дәуір тарихымен таныстырды.
Ал С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада елші павлодарлық жастармен кездесті. Мұнда АҚШ дипломатиялық миссиясымен «American Corner Pavlodar» және «Makerspace» серіктестік бағдарламалары жұмыс істейді.