Павлодар облысында ең жемқор сала анықталды
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстардың ашылуы өсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Медет Амралинов мәлім етті.
– Биыл 11 айдың ішінде департаментте 67 қылмыс, оның ішінде бюджет қаражатын ұрлаудың 30 фактісі, парақорлық фактілері бойынша 28 қылмыс тіркелді. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін 41 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады, ал 15 адам сотталды, – деді Медет Амралинов.
Оның сөзінше, ағымдағы жылы қылмыстың ашылуы едәуір өсті. Былтыр жалпы 51 қылмыстың ішінен 26 адам сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін жазаланған болатын.
– Мысалы, бір іс бойынша 10-15 эпизодқа дейін жетуі мүмкін. Жергілікті атқарушы органдарда сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыстар жиі тіркеледі. Мониторинг нәтижелеріне сүйенсек, жер қатынастары, білім беру салалары ең жемқор болып саналады, – деді спикер.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асырады. Оған келесі салалар кіреді: олигополия, құрылыс және тұрғын үй, жолдар мен инфрақұрылым, экология, жер, медицина, бизнесті қорғау, жылу электр станциялары, авариялық және тозығы жеткен тұрғын үй, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен.