Ақтоғай ауданында тұрғындар онкологиялық ауруларды қалаға бармай-ақ тексере алады

Аудандық аурухана мықты кадрлармен толықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Иран Шаметеков Ақтоғай аудандық ауруханасына жұмыс сапарымен барып, амбулаториялық-емханалық қызметтің жұмысымен танысты, ғимаратты аралап, пациенттермен және медицина қызметкерлерімен сөйлесті.
Аурухана басшысы ғимаратты күрделі жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаражат бөлу туралы өтініш білдірді. Ақтоғайдың медициналық мекемесінде соңғы күрделі жөндеу 12 жыл бұрын жүргізілді. Мәселе қарауға қабылданды.
– Материалдық-техникалық база нығайтылуда. Жылдың соңына дейін аудандық ауруханаға жеті медициналық жабдық, оның ішінде бейнеэндоскопиялық кешен және ашық реанимациялық кешен сатып алу жоспарлануда, – деді Иран Шаметеков.
Медициналық кадрларды тарту бойынша жұмыс алға ілгерілеп жатыр. 2024 жылы ауданға хирург, акушер-гинеколог, педиатр және жалпы тәжірибе дәрігері келді. 2025 жылы анестезиолог және жалпы практика дәрігері жұмысқа кірісті, сонымен қатар қоса атқарушы онколог тартылды.
Ауданды кадрлармен қамтамасыз ету – тұрғындар қалаға бармай-ақ сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігі артады.
– Аудан орталығына ғана емес, шалғай ауылдардағы медициналық ұйымдарға да көңіл бөлінеді. Биыл Жолболды ауылында облыстық бюджет қаражаты есебінен медициналық пунктке күрделі жөндеу жүргізілуде. Жұмыстарды аяқтау ағымдағы жылдың маусым айының соңына жоспарланған, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Аудандарда медициналық инфрақұрылымды дамыту және ауылдық денсаулық сақтауды қолдау денсаулық сақтау басқармасының жұмысында басым бағыттар болып қала береді.