Павлодарлық кардиологтар жүрекке күрделі операция жасады
Бұған дейін мұндай ота елордада жасалып келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгінде ел ағасы атанған азаматтан бозбала кезінде яғни, 16 жасында митральды қақпақшаның стенозын, II дәрежелі қолқа қақпақшасының жеткіліксіздігі анықталады. 2010 жылы Астананың Ұлттық ғылыми-медициналық орталығында оған қолқа қақпақшасы пластикасы және митральды қақпақшаны протездеу отасы жасалған. Бүгінде 48 жасқа толған ол салауатты өмір салтын ұстанады.
Павлодар тұрғынының айтуынша, спортпен айнылысқан кезде жиі ентігу және жүрек тұсындағы қысқа мерзімді шаншу мазалап келген. 2023 жылы оның денсаулығы нашарлап, тағы да дәрігерлердің көмегіне жүгінеді.
Төрт жыл бұрын жүрек орталығында ер адам атриальды дірілге байланысты радиожиілікті абляция жасатқан. Биыл науқас жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылып, эхо-кардиографияға қою кезінде оған III дәрежелі қолқа қақпақшасының жеткіліксіздігі диагнозы қойылады.
Оның жағдайын бағалау үшін қосымша аортография жасалып, нәтижелері бойынша клапан функциясының жоғалуымен кальций шөгінділерінің белгілері, оның қақпақшалары деформацияланған, сол жақ қарыншаның қабырғаларының қалыңдағаны белгілі болады. Осылайша, емделушіге қолқа қақпақшасының механикалық протезі орнатылады.
Операция кезінде өңеш арқылы эхокардиография жасағанда, дәрігерлер жүрек камералары арасындағы клапанның толығымен жабылмайтынын байқайды. Бұл қанның кері ағуына жол береді.
- Бір қарағанда, операция қалыпты болып көрінгенімен қауіпті ота. Бірінші операциядан кейін адгезиялар пайда болады. Бұл дененің зақымдануға қорғаныс реакциясы. Қайта операция жасау кезінде жүрек қазірдің өзінде біртұтас дәнекерленген конгломерат болып табылады. Негізгі операцияны жасау үшін алдымен жүректің, қолқаның, оң қарыншаның және оң жүрекшенің құрылымын және т.б. анықтау керек. Бұл шамамен екі сағатты алады. Осы ретте қан кету және жүректің тоқтап қалу қаупі өте жоғары, - деді кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мұрат Райханов.
Қауіптілігіне қарамастан, ота сәтті өткен. Бүгінде науқас үйіне қайтуға дайындалып жатыр.
Дәрігерлер күрделілігі мен жоғары тәуекелін ескере отырып, аймақтық орталықтар мұндай пациенттерді республикалық клиникаларға жиі жіберетінін атап өтті.
- Әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша бұл операцияларды кардиолог-дәрігерлер тегін жасайды. Биыл төрт операция жасалса, өткен жылы осындай алты ота жасалған болатын. Барлығы сәтті өтті. Атап өтерлігі, мұндай оталар ақылы түрде жасалатын болса, үш миллион теңге тұрады, - деді медициналық сақтандыру қоры филиалы директорының м.а. Алмагүл Ахметжанова.
Оның айтуынша, жоғары технологиялық медициналық көмек және оның жекелеген түрлері МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек тізбесіне кіреді. Яғни емделушілерге мұндай қызметтерді міндетті медициналық сақтандыру қорының базасына енгізілген клиникалар тегін көрсете алады.
Фото: "МӘМС" қорынан.