Асайын Байханов: Екібастұзда құбырда ақау шықса, бүкіл шағын ауданды өшірмеу керек
Ол үшін құбырларды белгілі бір бөлігінде өшіретін тиектер көп салынбақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барып, жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Қалада 24 сәуір күні желілердегі сынақтар басталған. Сынақтар 4 кезеңде өткізіледі. Бүгінде 3-кезең өткізілуде.
Сынақтардан кейін желілерде 400-ге жуық ақау анықталады деп жоспарланған. Қала әкімі Аян Бейсенкиннің айтуынша, 2 кезеңнен кейін қазір 119 ақау анықталған. Алайда, 3-кезеңде ең тозған құбырлар сынақтан өтеді. Сондықтан бүгін ақаулардың саны едәуір артуы мүмкін.
- Қажетті құбырлар жеткізілген. Қалада құбырларды сақтайтын екі базамыз бар. Әлі де тасып жатырмыз. 2 айда квартішілік желілерді аяқтау керекпіз. Жұмысшылардың тәжірибесі бар. 25 бригада, оның ішінде 135-тен астам адам жұмыс жасап жатыр, - деді желілердегі жөндеумен айналысып жатқан мердігерлердің бірі «Граппастрой» ЖШС бас директоры Бақытжан Қасымов.
Қаладағы жылу құбырларын жөндеуге 2 ай уақыт берілген. Дегенмен, облыс әкімі маусымның 10-ына дейін аяқтап, қаладағы ыстық суды қалпына келтіруді тапсырды.
Сондай-ақ Асайын Байханов жылу желілерінде белгілі бір бөліктерді өшіруге болатын тиектерді көбейтуді тапсырды.
- Анықталған ақау 1-2 үйге ғана қатысты сияқты, бірақ бүкіл шағын ауданды өшіруге тура келетін жағдайлар болады. Сынақтар бізге тозған жерлерді анықтап береді. Бірақ ертең нашар бөліктер қалмайтынына ешкім кепіл бермейді. Сондықтан ақаулар шықса, аз ғана бөлікті өшіре тұратындай етіп, тиектер салу керек, - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, облыс әкімі өзінің бірінші орынбасары Хасар Хабылбековке барлық жұмысқа жауапты екенін айтып, жөндеу уақытында Екібастұзда тұруға рұқсат берді. Сондай-ақ бас мердігерге де қалаға жиі келіп, жұмысты бақылауды тапсырды.
Фото: Константин Шелков