Павлодар облысы гендерлік теңдікті дамытуда көш бастап келеді

Павлодар облысы гендерлік теңдікті дамытуда көш бастап келеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Өңірде әйелдердің басшылық пен қоғамдық қызметтегі үлесі еліміз бойынша ең жоғары деңгейге жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы әйелдер мен ерлерге тең мүмкіндік беру ісінде еліміздің ең белсенді өңірлерінің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлейменнің аймаққа жұмыс сапары барысында белгілі болды.

Сапар аясында ол Павлодар облыстық комиссиясының төрағасы Айгүл Мәліковамен кездесіп, ұлттық гендерлік саясатты іске асыру, әйелдердің басқару мен экономика салаларындағы үлесін арттыру, отбасылық құндылықтарды нығайту және аналар мен балалар денсаулығын қорғау мәселелерін талқылады.

Айгүл Мәлікованың айтуынша, бүгінде өңірде түрлі меншік нысанындағы 24 мыңға жуық кәсіпорынды әйелдер басқарады, ал жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің 67 пайызы – нәзік жандылар. Сондай-ақ аудан мен қала әкімдерінің 11 орынбасары, облыс әкімінің екі орынбасары – әйелдер.

Ауылдық деңгейде де әйел көшбасшыларының қатары артып келеді – ауылдық округ әкімдерінің 15 пайызы әйелдер, бұл республикадағы орташа көрсеткіштен жоғары.

Өкілді органдарда да нәзік жандылар белсенді: облыстағы мәслихаттарда 55 әйел депутат бар, бұл жалпы құрамның 40 пайызы, ал Павлодар қалалық мәслихатында депутаттардың тең жартысы – әйелдер.

Сонымен қатар аймақтағы 832 үкіметтік емес ұйымның 70 пайызын әйелдер басқарады, оның ішінде елуге жуық ұйым отбасы мен гендерлік саясат бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.

Ләззат Сүлеймен Павлодар облысының гендерлік саясаттағы жетістігін жоғары бағалап, бұл тәжірибені өзге өңірлерге үлгі ету қажеттігін айтты.

– Облыс әкімінің екі орынбасарының әйел болуы және Павлодар қалалық мәслихатында әйелдердің 50 пайыздық өкілдігі – еліміз үшін сирек кездесетін құбылыс. Мұндай оң тәжірибені тарату қажет, – деді ол.

Ұлттық комиссия өкілдерінің пікірінше, Павлодар облысының тең мүмкіндіктерге негізделген моделі әйелдердің бизнестен бастап мемлекеттік және қоғамдық қызметке дейінгі белсенділігі өңірдің тұрақты дамуының маңызды факторына айналғанын көрсетеді.