Павлодарда мал шаруашылығына жеңілдетілген несие бағдарламалары іске қосылды

Павлодарда мал шаруашылығына жеңілдетілген несие бағдарламалары іске қосылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңір аграрийлері үшін «Игілік» және «Береке» бағдарламалары арқылы қаржыландыру мүмкіндігі кеңейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлер палатасында агроөнеркәсіптік кешен салалық кеңесінің отырысы өтіп, шаруаларды алаңдатқан бірқатар өзекті мәселе талқыланды. Олардың қатарында көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру, сондай-ақ мал шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша несие алу тетіктері қаралды.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Ардақ Таңжарықтың мәліметінше, «Кең Дала» бағдарламасы аясында өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 171 өтінім бойынша 14,7 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі таңда 6,3 миллиард теңгені құрайтын 57 жоба іске асырылып жатыр, оның ішінде 1,3 миллиард теңгенің 11 жобасы мақұлданып, қаржыландыруға дайын.

Спикердің айтуынша, өтінімдердің көптігіне байланысты кадр тапшылығы байқалады. Бұған қоса, кейбір қаржы институттарының көктемгі дала жұмыстарына несие беруді кеш бастауы да әсер еткен.

Отырыс барысында мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Игілік» және «Береке» мемлекеттік бағдарламаларының іске қосылғаны хабарланды. Бұл бағдарламалар асыл тұқымды мал сатып алуға арналған және жылдық 6% мөлшерлемемен несие ұсынады.

– Бағдарламалардың шарттарына сәйкес, «Игілік» арқылы 100-ден 499 басқа дейін мал сатып алуға болады, ал «Береке» бағдарламасы 500 және одан да көп мал басын алуға бағытталған. Қаржыландыру көлемі де әртүрлі: «Игілік» бойынша бір қарыз алушыға бір миллиард теңгеге дейін, ал «Береке» бойынша бес миллиард теңгеге дейін қарастырылған, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Кездесу барысында кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау тетіктеріне қатысты сұрақтарын қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. Кәсіпкерлер палатасы бұл бағытта қосымша семинарлар өткізуге дайын екенін жеткізді.

Мұндай бастамалар өңірдегі аграрлық секторды дамытуға, шаруалардың қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтуге және мал шаруашылығының әлеуетін арттыруға бағытталған.