Баянауылда Мәшһүр Жүсіп пен Мұса Шорман жайлы деректі фильмнің тұсаукесері өтті

Туынды алыптардың туған жерінде алғаш рет көрерменге ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл халқының назарына алты алашқа атағы жайылып, елдің еңсесін көтерген Мәшһүр Жүсіп Көпеев және Мұса Шорман бабаларымызға арналған деректі фильм ұсынылды.
Фильм Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтың ұйымдастыруымен жарыққа шыққан. Картинада елдің, жердің тарихы, данышпандардың өмірі лайықты суреттелген.
Кездесу барысында ол ұлы тұлғалар – Мұса Шорман мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының арасындағы тағылымды байланысты ерекше атап өтті. Бұл – жай ғана дерек емес, жас ұрпаққа өнеге болатын тарихи сәт.
– Мұса Шорман Мәшһүр Жүсіптің сегіз жасында басына үкілі тақия кигізіп, оның ерекше болмысына ерте назар аударған екен, – деді Зауытбек Қауысбекұлы. – Бұл сөз тарихтағы ұлылардың ұлына көз тастай алған көрегендігін көрсетеді. Мұса Шорман сынды ірі тұлғаның болашақ данышпан ақын мен ғұламаға құрметпен қарап, оның қабілетін ерте танып, рухани қолдау көрсетуі қазақ даласындағы даналық дәстүрдің үзілмегенін айғақтайды.
Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев еліміздің ұлы тұлғалары мен тарихқа құрмет көрсетіп, халық мұрасын мәңгілік етуге тырысқан Зауытбек Тұрысбековке алғыс білдірді.