Асайын Байханов патронаттарға алғыс білдірді

Асайын Байханов патронаттарға алғыс білдірді

Өңірде олар мыңға жуық баланы тәрбиелеп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жыл сайын 29 қазан Қазақстанда Қамқоршы күні аталып өтеді. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеп жатқан қамқоршыларға алғыс білдіретін күн. Павлодарда қамқоршылар, патронаттық тәрбиешілер мен асырап алушылар үшін мереке ұйымдастырылды. Өз алғысын білідіруге облыс басшысы Асайын Байханов та келді.

– Баршаңызға алғыс білдіремін. Әрине, әр адам бақытты болуға лайық. Бәріміз бала болдық, бәріміз үлкендерге қарап өмір сүрдік. Бүгінгі күні нарықтық заманда жақсы қасиеттеріңізді жоғалтпағандарыңыз үшін алғысымызды айтамыз. Сіздердің еңбектеріңізге, қамқорлықтарыңызға және қоғамымыздың дамуына қосқан үлестеріңізге шексіз ризамыз. Біз сіздерге барынша көмектесуге, қолдау көрсетуге тырысамыз, – деді әкім.

Оның айтуынша, облыста 995 бала қорғаншы тәрбиесінде. Олардың арасында Варлам да бар. Жетім қалған баланы тәрбиелеу ісі оның сыныптасы Айгүл Қияқбаеваның анасына жүктелген.

– Варламның отбасымызға келгеніне сегіз ай болды. Біз оның мүгедектік дәрежесін алғанын білгенде, оны осылай қалдыра алмайтынымызды түсініп, асырап алуды шештік. Осы уақыт ішінде біз оның бөтен адам екенін ешқашан сезген емеспіз. Варлам бізге Рамазан айында келіп, үлкен ұлымның тойына қатысып, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын өз көзімен көрді. Ол біздің мәдениетімізді үлкен қызығушылықпен қабылдады. Кейде оның туған балам емес екенін ұмытып қаламын, – деп Айгүл Қияқбаева өз оқиғасымен бөлісті.

«Тәлімгер» жобасы облыстағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін әлеуметтендіруге көмектеседі. ИнЕУ жоғары колледжінің инновациялар жөніндегі орынбасары Лидия Кармишинаның айтуынша, бұл жоба арқасында кішкентай балаларға білім мен тәжірибе беріп, оның ішінде ересектердің негізгі өмірлік дағдыларын меңгеруге көмек көрсетіледі.

– Менің қамқорлығыма алған баланың аты – Назар. Бұл өте көңілді, ақылды бала. Оның менің қамқоршылығымда жүргеніне бір жылдай болды. Біз үнемі серуендейміз, сөйлесеміз, үй тапсырмасын бірге орындаймыз. Балалар үйінің тәрбиеленушілері әдебі бойынша кейбір нәрселерді қалай істеу керек екенін білмейді, сондықтан ол біздің достығымыз арқылы емханаға қалай бару керектігін, автобуспен қалай жүру керектігін, достар тауып, олармен қалай сөйлесу керектігін түсініп жатыр. Сондай-ақ, маған немесе әріптестеріме жұмыста көмектескенді ұнатады. Яғни, бұл өмірде еңбек ету керектігін түсінеді, – дейді Лидия Кармишина.

Облыста осындай 44 тәлімгер мен қамқоршлылар бар. Жыл сайын олардың саны артып келеді.

Мерекеге орай Асайын Байханов барлық патронаттарды алғыс хаттармен марапаттап, тәрбиеленушілердің әр күні мейірімділік пен жайлылыққа толы болсын деген тілегін білдірді.

Фото: Валерий Бугаев