Павлодар облысында жаңа жұлдыз бен таланттар анықтау үшін не қажет екендігі айтылды

Павлодар облысында жаңа жұлдыз бен таланттар анықтау үшін не қажет екендігі айтылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мәдениет қызметкерлері ел құлағында жүрген өнерпаздардың артында қалып қойған жастар үшін алаңдаулы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

Облыстық қоғамдық кеңесте мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Саяуыш Сәдуақас талантты жастар мен болашағы зор жастарды іздеу бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтып берді. 

– Мәдениеттегі жұмыстардың басым көпшілігі елді мекендердегі таланты жастарды танып білуге, оларды қолдауға бағытталған. Басқармаға қарасты бағынысты мекемелердің ішінде «Самға», «Ән аманат» деген жобалар жүзеге асырылады. Олар ән өнері, театр өнері, қолөнер ақын балалар шығып жатса, қолдау көрсету, таныту бағытында жұмыс жасайды. Мәдени қызметкерлер елді мекендерге шығады. Аудандарда анықталатын жастармен жергілікті мәдениет мекемелері бірге жұмыс жасайды, – деді Саяуыш Сәдуақас.

Оның сөзінше, өңір бойынша жыл сайын іс-шаралар өтіп жатады. Мерекелік концерттерде ерекше көзге түсетін балаларда «Ertis Promenade» сахнасында да өнер көрсетуге мүмкіндігі бар. 

– Дегенмен қазіргі уақытта бір мәселе туындады. Бізде бір жарысқа келетін талантты жас бірнеше жарысқа қатыса береді. Былай қарағанда ауданда одан басқа таланты жас жоқ сияқты бір әсер қалдырды. Қазіргі уақытта бұны алдын алу үшін бар ережені өзгертіп, бір өнерпазды бірнеше шараға қатарынан қатыстырмау туралы талаптар қойылып жатыр. Бұл жаңадан жарыққа шыққан таланттың көлеңкесінде басқа өнерпаздар қалып қоймасын деген мақсатта жасалады. Енді ол алдағы уақытта жемісін беретін шығар деген ойдамыз, – деді Саяуыш Сәдуақас.

Еске сала кетейік, облыстық қоғамдық кеңесте жастар саясаты мәселесі қарастырылды. Отырыста «Amanat» партиясы атынан «Miras» өңірлік кеңесінің төрағасы Дулат Әбетжанов Жастар бастамаларын дамыту орталығында бар қиындықтарды талқылады.