Есірткіге жол жоқ: Екібастұз жастары үлгі көрсетті
Екібастұз қаласында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Есірткіге жол жоқ!» атты акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шара аясында мектеп оқушылары арасында шығарма жазу байқауы және спорттық-туристік турнир өтті. Акцияға қаладағы 29 мектептің оқушылары қатысып, өмірдің құндылығы, ерік-жігер мен өз таңдауы үшін жауапкершілік тақырыптарында өз ойларын білдірді.
Байқау нәтижесінде №12 мектептің 11 сынып оқушысы Мария Еремина үздік деп танылды. Оның шығармасы мазмұнының тереңдігімен, шынайылығымен және әлеуметтік маңыздылығымен ерекшеленді. Жеңімпазға ұйымдастырушылардың атынан велосипед табысталды.
Ал спорттық сайыста жеңіске жеткен №6 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Кирилл Невкрытый да дәл осындай бағалы сыйлыққа ие болды.
– Акцияның басты мақсаты – жастардың назарын есірткіге тәуелділік мәселесіне аудару, салауатты өмір салтының құндылығын түсіндіру және еркін, тәуелсіз өмірдің табыс пен рухани дамуға бастайтынын ұғындыру, – деді қалалық білім бөлімінде.
Бөлім өкілдерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруға және қоғамдағы өз орнын дұрыс табуға көмектеседі.