Ақтоғай ауданында суармалы жерлерді ұлғайту үшін қосалқы электр станциясы жөнделеді
Бүгінде электр энергия қуаты жеткіліксіз, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақтоғай ауданында болып, көктемгі дала жұмыстарының барысын, сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының іске асырылуын тексерді. Ол Қожамжар ауылдық округінің «Agro Terra» ЖШС-нің суармалы егістігіне барып, онда 1110 гектар алқапты суармалы егістікке айналдыру бойынша инвестициялық жобамен танысты.
Аудандағы суармалы жерлердің көлемі шамамен алты мың гектарды құрайды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,8 мың гектарға артық. Суармалы жерлерді одан әрі ұлғайту үшін электр энергиясының қуаты жеткіліксіз. Облыс әкімі қосалқы станцияны жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді немесе «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы бойынша сорғы станциясының жанындағы бұзылған қосалқы станцияны қалпына келтіру жолын қарастыруды тапсырды.
Асайын Байханов аграршылармен кездесу барысында қазіргі егіс жұмыстарында қолданылатын агротехникалардың ерекшеліктерін талқылады. Шаруа қожалықтардың басшылары көптен бері мамыр айында мұндай жауын-шашын болмағанын, ылғалдың мөлшері жеткілікті екенін жеткізіп, қолайлы ауа райы, уақытында алынған тыңайтқыштар, дизель отыны және субсидиялар жайлы айтып берді.
«Весна» ШҚ басшысы Анатолий Филипишин егістің заманауи әдістерін қолданып көргенімен, соңында 30 жыл бұрынғы классикалық технологияларға қайтып оралғанын жеткізді. Биыл шаруашылық 10 мың га бидай мен 1 мың гектар қарақұмық еккен, қуаты 14 мың тонна астық қоймасы бар.
– Ауа райы өзгеруде, бірақ жер құнарлы бола түспейді, сондықтан қолда барды сақтай білу керек, ал, бұл үшін осы жерде жұмыс істейтін арнайы технологияларды пайдалану қажет, – деп келісті әкім.
Аудан орталығында Асайын Байханов балаларды дамыту және түзету орталығының жұмысымен танысты. Кәсіпкер Айгүл Жүсіпова 4,9 млн теңге инновациялық грант алғаннан кейін балабақшаның орнында балалар мекемесін ашқан. Қыркүйек айында мектепке дайындық, сенсорика және ағылшын тілі, «ана-бала» курстары ашылады. Орталыққа балаларға арналған ойын алаңы жетіспейді. Аймақ басшысы орталықтың тәрбиеленушілеріне арналған ойын алаңын салуға демеуші тауып беруге уәде берді.Сондай-ақ, облыс әкімі Ақтоғай ауылында халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты, күрделі жөндеуден өткен аудандық мәдениет үйіне барды.
Сапар соңында дезинсекциялық жұмыстардың барысы туралы есепті тыңдады. Ауданда шыбын-шіркейге қарсы 20 мың га алқап өңделуде, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 3,5 мың гектарға артық.
Жаяу өңдеу 23 сәуірден, әуеден өңдеу 5 мамырдан басталды.
Аймақ басшысы шыбын-шіркейлерді толықтай жойып жіберу мүмкін емес екенін, өйткені, олар табиғи экожүйенің ажырамас бөлігі болып табылатынын, алайда халықты, құстарды, жануарларды қорғау үшін жаппай ұшып шығудың алдын алу қажет екенін атап өтті.