Асайын Байханов жұмысшыларға қалай мотивация беруге болатынын айтты
«Талапкер» шаруа қожалығы егіннің 60 пайызын жинап үлгерген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Талапкер» шаруа қожалығының басшысы Амангелді Бейсенбиновтің айтуынша, егін жинау үшін жұмыскерлер таңғы оннан кешкі тоғызға дейін еңбек етеді. Дәнді және майлы дақылдардың 10 мың гектары – бидай, үш мың гектары – күнбағыс, 900 гектары – қарақұмық, екі мың гектары – арпа, бес жүз гектары – зығыр мен мақсары, тары.
– Жалпы, биыл оң мың гектар өнім егілді. Егін жаман емес. Жаңбыр кезінде біраз қиын кезең болды. Бір ай уақыт жұмыс істей алмадық, алайда арпа мен жасымықты жинап алдық. Бір-екі күнде қарақұмықты жинап бітіреміз. Ауа райы ашық әрі қолайлы болса, бір айда қалған өнімді жинап алуға шамамыз бар, – дейді Амангелді Бейсенбинов.
Кәсіпкердің айтуынша, 18-19 пайыз ылғалдылықпен жиналып жатқан бидай элеваторға салынып, кептіріледі. Бірақ, бұл ретте, шағын шаруа қожалықтарында комбайндары жоқ әрі техникалары ескі болғандықтан, біршама қиындық туындап отыр. Салдарынан олар үлкен шаруа қожалықтарын күтуге мәжбүр. Сондықтан Амангелді Бейсенбинов өзінің астығын жинағаннан кейін өзге шаруаларға көмектесуге әзір.
– Жұмыскерлердің жалақысы төмен. 150 мыңға жетпейді. Қол астыңыздағы адамдардың өмірінің әл-ауқаты сіздерге тікелей байланысты. Бұл жұмыс орындарында қанша адам күнін көріп отыр. Сондықтан бәрі де сәтті болсын. Біз үшін бизнестің дамып, жаңа жұмыс орындарын құру маңызды. Ол үшін жақсы жалақы төлеу керек, егер де жыл қорытындысы жемісті болса, онда сыйқақы да беріледі. Сонда адамдарда мотивация пайда болады, – деді облыс басшысы Асайын Байханов.
Айта кетерлігі, екі жыл бұрын «Талапкер» ШҚ басшысы екі механизаторына сыйлық ретінде жаңа машиналар сыйға тартқан.