Павлодар облысында шаруашылық иелеріне жеңілдіктер жасалуда

Павлодар облысында шаруашылық иелеріне жеңілдіктер жасалуда
Фото: Константин Шелков

Өткен жылға қарағанда облыстық егіс алқабының ауданы 20 мың гектарға ұлғайған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Шукурова мәлім етті. 

– Өздеріңіз білесіздер, 2023 жылғы күрделі табиғи-климаттық жағдайлар шаруалардың қаржылық жағдайына әсер етті. Зардап шеккен шаруаларға қолдау көрсету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. Бүгінгі таңда 2024 жылға арналған бірінші кезектегі міндет – көктемгі дала жұмыстарын уақтылы және сапалы өткізу, – дейді Сәуле Шукурова.

Өңір басшысы Асайын Байханов көктемгі егіс жұмыстарына сапалы дайындық қажеттігін де еске салды.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 1 657,3 мың гектарды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20,3 мың гектарға артық. Егіс алқабына 168,8 мың тонна тұқым себілді, техниканың дайындығы 98% құрайды, 25,7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. 1 тоннаның бағасы - литріне 237 теңге, бұл нарықтағы бағадан 58 теңгеге арзан.

Өткен жылғы құрғақшылық фермерлердің қаржылық жағдайына әсер етуіне байланысты көктемгі егіс жұмыстары қарсаңында ауыл шаруашылығы министрлігімен қаржылық қолдау шараларының 2 пакеті қарастырылған. Қолданыстағы субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілуде. Облыс әкімінің қолдауымен облыстық бюджеттен сыйақы мөлшерлемелерін арзандату үшін 7,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қарыз алушы үшін нарықтық мөлшерлемені 5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Өткен жылғы ауыл шаруашылығы маусымының қорытындылары бойынша аграршылардың қаржылық жағдайын шешу мақсатында және төлем қабілеттілігі жөніндегі өлшемшарттардың өтеуін қамтамасыз ету үшін «Даму КДҚ» АҚ желісі бойынша кепілдік беру тетіктері іске қосылатын болады. Сондай-ақ, тыңайтқыш өндірушілермен әкімдіктердің кепілдігімен тұрақты өндірістік көрсеткіштері бар фермерлерге бөліп төлеу мәселесі пысықталды.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша ҚР Үкіметінің 26 наурыздағы отырысының қорытындысы бойынша 8 сәуірден бастап көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін арзандатылған дизель отынына қосымша өтінімдер қабылданады. Өтінімдерді қабылдау GosAgro.kz ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.