Асайын Байханов жанқияр павлодарлықтарға алғыс айтты
Павлодар қаласында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мерекелік іс-шара Естай атындағы мәдениет сарайында өткізілді. Салтанатқа әскери қызметшілер, ардагерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері және өңір тұрғындары қатысты. Шара барысында ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетіліп, бірқатары марапатталды.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жиналған қауымды құттықтап, Отан қорғаудың маңыздылығына тоқталды.
- Армысыздар, құрметті жерлестер! Баршаңызды Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы атап өткендей, Отан қорғау – тек әскери қызметшілердің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Адал еңбек ету, ғылым мен білімді дамыту, қоғамдық тұрақтылықты сақтау – мемлекет биіктігінің кепілі, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ ол тәуелсіздік пен ұлттық қауіпсіздік құндылықтарын атап өтті.
- Ата заңымыз тәуелсіздік, аумақтық тұтастық пен ұлттық қауіпсіздікті басты құндылықтар ретінде айқындайды. Осы қасиетті ұстанымдарды қорғау – баршамызға ортақ парыз, - деді Асайын Байханов.
Шара аясында қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, жоғары кәсіби біліктілігі және қоғам мен мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар марапатталды. Олардың қатарында Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасына ие болған Баянауыл аудандық қорғаныс істері бөлімінің әскерге шақыру және әскерден тыс бөлімінің бастығы Махаббат Алтаева бар.
- Қазіргі жастарға тілейтінім – шымырлық, жігерлік, Отанға деген сүйіспеншілік және адамгершілік. Бүгінде әскерге баруға ниетті жастар көп. Мұндай ұрпақ тәрбиелеп отырған ата-аналарға алғыс білдіремін. Әр азамат өз Отанын сүюі тиіс, – деді ол.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Облыстық Иса Байзақов атындағы филармония әртістері өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.