Павлодарлық тұрғынға желіде экстремистік материал жариялағаны үшін айыппұл салынды
Тәртіп сақшылары аталған фактіні интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу барысында анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қала тұрғыны «В Контакте» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында еркін қолжетімділікте Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға тыйым салынған діни мазмұндағы аудиоматериалдарды сақтаған және орналастырған. Бұл материалдар экстремистік деп танылды және біздің еліміздің аумағында таратуға, насихаттауға тыйым салынған.
– Аталған факті бойынша ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабына сәйкес әкімшілік материал толтырылып, шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. 14 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Айта кетейік, жыл басынан бері полицейлер діни қызмет туралы заңнаманы бұзу бойынша 27 фактінің жолын кесті. Оның ішінде белгіленбеген жерлерде діни әдебиеттерді сатудың бес фактісі, діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы өзге де материалдарды заңсыз сақтау және таратудың 22 фактісі анықталды.